11 795 түлек шекті 50 балдан жоғары жинады

ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-ның бірінші күнін қорытындылады. ҰБТ-ның алғашқы күнінде Қазақстан бойынша 13 897 түлек сынақ тапсырды. Нәтижесі бойынша ең жоғары балл – 137.  Республика бойынша орташа балл 80,9 балды құрады. 2017 жылғы сынақта бірінші күннің нәтижесі бойынша 77,5 пайыз болған еді. Орташа балл республика бойынша 4 пайызға артты.

11 795 түлек  (84,8 пайыз) шекті 50 балдан жоғары жинады. Ал 2102 бала шекті балл ала алмады.

«Жаңа форматтың ерекшелігі сол, түлектер ҰБТ-дан өтпей қалса, тамыз айында қайта тапсыра алады. Егер тамызда да тиісті балл жинай алмаса, онды қыркүйекте жоғары оқу орнына бір семестрге ақылы түрде түсуге мүмкіндігі бар. Бір семестрден кейін қаңтар айында үшінші рет тапсыра алады», — деді орталық директоры Рамазан Әлімқұлов.

Ағылшын тілінде тапсыруға өтініш білдірген түлектер саны – 46, кеше соның біреуі Алматыдағы ҚазҰУ-де тапсырып, 81 балл жинады. ҰБТ өткізу ережесін бұзғаны үшін Оңтүстіктегі пукнтердің бірінде бір оқушы аудиториядан қуылды.

Биыл алғаш рет ҰБТ аяқталғанша жылдам ақпарат алмасып, туындаған проблемаларды шешуге көмектесетін Call-орталық жұмыс істейді. Нөмірі 8-800-080-71-77. Сынақтың алғашқы күнінде орталыққа 105 сұрақ түсті . Сұрақтардың басым бөлігі ҰБТ ережелеріне қатысты ата-аналар тарапынан келген.

Естеріңізге сала кетейік, тестілеу нәтижесін бұрынғыдай Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан білуге болады. Сонымен қатар биыл Telegram көмегімен де білуге мүмкіндік бар. ( http://edu.mail.kz) Ол үшін әр түлек өзінің жеке кодын (ИКТ,индивидуальный код тестируемого) енгізуі шарт.

Кеше телеграм-каналға 23 мыңдай түлек тіркелген, нәтиже сұрауы 196 мыңды құрады. Бұған қоса edu.mail.kz сайтына кіргендер саны 14 мың, визит – 21 мың, қаралу – 186 мың.

«Тест нәтижесін қарау бойынша ешқандай проблема туындаған жоқ. Оның үстіне түлектер өз балын ұлттық тестілеу орталығының сайтына кіріп, қайтадан тексеріп алды», — деді орталық директоры Рамазан Әлімқұлов.

 

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *