Енді ҰБТ-ны жылына 4 рет тапсыруға болады

2019 жылы ҰБТ тапсыру форматы бұрынғыдай қалады, бірақ, оқуға түсушілерге көмек ретінде бірқатар жаңашылдықтар қарастырылған.
Келер жылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айларында) өткізіледі. Бұл туралы ҚР Білім жəне ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов бүгінгі брифингте хабарлады. 
«Оқушылар ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айларында) өткізіледі. Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін оқуға түсушілер маусым-шілде айларында өтетін ҰБТ-ға қатысуы қажет. 2019 жылғы 15-20 қаңтар аралығында өткізілетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер 2018 жылғы 1-15 желтоқсан аралығында қабылданатын болады» — дейді вице-министр. 

Тестілеуге орта мектептердің 11 (12) сынып оқушылары, сондай-ақ, ЖОО-ға бірінші академиялық оқу кезеңі аяқталғанға дейін (шартты түрде қабылдау) қабылданған тұлғалар қатыса алады.  Айта кетерлік жəйт, əр тапсырылған тестілеуден соң берілетін сертификаттар əр түрлі болады. Маусым-шілде аралығында тапсырылатын дəстүрлі тестілеу тегін, оның сертификаты басқалардан өзгерек.

Вице-министр ҰБТ-ны қаңтар айынан бастап тапсыру мəселесі түлектерімізді елде қалдыруда септігін тигізетіндігін алға тартып отыр. 

«Қыс айларында шет елдік ЖОО-лар түлектерге өздерін жарнамалап, алдын ала емтихан тапсыруға мүмкіндік береді. Оны тапсырған оқушы жазда өтетін ҰБТ-ны күтпейді. Сондай жағдайдың алдын алу үшін қыстан бастап тапсыруға мүмкіндік беріп отырмыз» — деп түсіндірді Асхат Қанатұлы.
Сондай-ақ, шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттары бар тұлғаларды «Шет тілі» пәні бойынша ҰБТ-дан босату нормасы енгізіліп жатыр.
2019 жылдан бастап білім гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. Білім беру бағдарламаларының тобына бірнеше білім беру бағдарламалары кіреді. ЖОО-ға қабылдау кезінде оқуға түсушілер одан әрі оқу үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды. Министрлік ЖОО-ы жүзеге асыратын білім беру бағдарламаларының реестрін қалыптастыратын болады.
Биылғы жылғыдай, ҰБТ сертификатымен бірге әрбір бітірушіге білім беру бағдарламалары топтарының тізімі; бөлінетін гранттар саны, сондай-ақ, өткен жылғы грант тағайындау конкурсының нәтижелері көрсетілген ақпараттық парақ беріледі. Бұл ақпараттық парақ талапкерге болашақ мамандығын таңдауда көмектеседі.
Бүгінгі күні Ұлттық тестілеу орталығының сайтында ҰБТ-да қолданылатын тест тапсырмаларымен танысу және пәндер бойынша білімдерін тексеру үшін байқау-онлайн тестілеу өткізіледі. Байқау-онлайн тестілеу барлық ниет білдірушілер үшін ерікті түрде жүзеге асырылады. 2018-2019 оқу жылында сынақ онлайн-тестілеуден өтуге 14331 әрекет, қағаз тасығышта – 53268 әрекет (2018 жылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша) жасалды. Бір адам сынақ-онлайн тестілеуден, сондай-ақ, қағаз тасығышта оның қалауы бойынша бірнеше рет өтуі мүмкін. 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *