Мемлекеттік гранттар енді мамандыққа емес, білім беру тобына беріледі – Әділет Тойбаев

2019 жылдан бастап мемлекеттік білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады.

Биылдан бастап мемлекеттік гранттар білім беру мамандықтары бойынша емес, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалады. Аталған жаңашылдық жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту шеңберінде енгізіліп отыр.  Сондай-ақ, мамандарды даярлау бағыттарының жаңа сыныптауышы (классификатор) енгізіліп отыр. 

Бүгінгі күнге дейін еліміздің жоғары оқу орындарында мамандықтардың тізімі нақты көрсетілген сыныптауыш пайдаланылған болатын. Енді, 2019 жылдан бастап білім берудің даярлау бағыттарының жаңа сыныптауышы енгізілетін болады. Еліміздің жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын өздері құрастырады. Осыған орай, мемлекеттік  гранттар білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалады. Бұл туралы ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев хабарлады. 

«ҰБТ-дағы өте маңызды жаңашылдық — биылғы жылы
мамандықтардың тізімі көрсетілген сыныптауыштың енгізілуі. Жаңа классификаторда белгілі бір мамандықтар жоқ. Онда тек, дайындық бағыттары бекітілген. Осы дайындық бағыттары бойынша ЖОО-лар өз беттерімен жаңа білім беру бағдарламаларын құрастырады. Демек, мемлекеттік гранттар енді мамандыққа емес, білім беру тобына беріледі»
, — дейді Әділет Жүнісұлы. 

Мәселен, «Математика пәні мұғалімдерін даярлау» тобына «Математика», қосарланған «Математика-Физика», «Математика-Информатика»мамандықтары кіреді. Ал, «Ақпараттық технологиялар» тобына — «Информатика», «Ақпараттық жүйелер» және тағы басқалары. Грант ұтып алған соң оқуға түсуші ЖОО-ға таңдаған білім беру бағдарламасы бойынша тіркеліп, құжаттарын тапсыру кезінде таңдап алған мамандығы бойынша білім алатын болады.

2019 жылғы ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалатындығын атап өткен жөн. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді. Биылғы оқу жылынан бастап түлектерге ҰБТ-ны тапсыруға 4 мүмкіндік беріледі. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында өтетін тестілеуді тапсыру арқылы оқуға түсуші ЖОО-ның тек ақылы бөліміне түсуге мүмкіндік алады. Ал, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде маусым айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет.

«Биыл талапкер тестілеуді кез-келген тестілеу пунктінде тапсыра алады. Мысалы, алматылық оқушы ҰБТ-ны Таразда тапсырғысы келсе, оған тестен өту қолжетімді. Әрбір ҰБТ-ның белгілі бір құжаттарды қабылдау мерзімі бекітілген.  Бұл туралы ақпарат Ұлттық біліктілік тестілеу орталығының сайтында орналасқан. Сондай-ақ, оқуға түсуші  төрт рет тест тапсырғанда әр түрлі бейіндік пәндерді таңдай алады. Ал, қыркүйек айында өзіне ұнаған сертификаты бойынша оқуға түсе алады. Ол да бір жақсы мүмкіндік», — деп атап өтті департамент директоры.

ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсуі үшін талапкер жылына 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның кез-келгеніне қатысып, шекті балл жинауы жеткілікті. Университеттің ақылы бөліміне тестілеу нәтижелерінің ішіндегі ең жоғары балымен түсе алады. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында өтетін тестілеуді оқушы ҰБТ өткізілетін өзіне ыңғайлы кез-келген пунктіде, яғни, кез-келген қалада тапсыра алады. Тек, тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне көрсетілген мерзімде өтініш беруі қажет.    

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан бойынша 2019 жылдың алғашқы тестілеуі қаңтар айының 18,19,20 күндері арнайы пунктерде өтеді.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *