2019 жылы 2810 студент жатақханамен қамтамасыз етіледі

2019 жылдың соңына дейін 2810 студент жатақханамен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Studentmedia.kz. 

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінде студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырыстың алғашқы шарттары жасалды. Келісімдердің нәтижесінде объектілерді салу және реконструкциялау арқылы Астана, Алматы және Семей қалаларының студенттері үшін жатақханаларда 4000-нан астам жаңа төсек-орын енгізіледі, олардың ішінде 2810 жаңа төсек-орын келесі жылы енгізіледі. Бағдарламаның операторы – Қаржы орталығы.

Орталық басшысының айтуынша, жаңа жатақхананы кез-келген университет, инвестор, компаниялар сала алады. Есесіне, онда орналастырылған әр студент үшін оларға қаражат бөлінеді. Тек, 20 жыл бойы жатақхана болуы керек. 

«Бағдарламаның жүзеге асу механизмі жеңіл. Оған кез-келген университет, инвесторлар қатыса алады. Жаңа ғимарат салған адамның меншігінде қалады, тек, 20 жыл студенттерге арналған жатақхана ретінде жұмыс істеуі керек. Жатақханаға қаражат студент орналасқан соң ғана бөлінеді. Яғни, қаржы студенттің артынан барады. Ол екі норматив бойынша қарастырылған: жаңадан салынған ғимарат болса, бір студентке мемлекет тарапынан 122 АЕК көлемінде төленеді, қайта жөндеуден өткен ғимаратқа салынса, әр студентке 47 АЕК көлемінде қаржы бөлінеді. 2019- 2022 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жұмысқа 15 млрд жұмсалды. Ал, жобаның іске асуына жалпы 153 млрд қаржы қарастырылған» — дейді Қаржы орталығының директоры Асқар Ізімбайұлы. 

Шарт тараптары ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қаржы орталығы және еліміздің бірқатар жоғары оқу орындары қатысты: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Қ.С. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті, Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті, Қазақстан инновациялық университеті, КАЗГЮУ университеті, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясы.

Алдағы уақытта оқу орындары және әлеуетті инвесторлармен бірлесіп, жаңа жобаларға бастама жасау жұмыстарын жандандыру жоспарлануда. Басты мақсат – Мемлекет басшысының Үшінші әлеуметтік бастамасын іске асырып, 2019 жылы жаңа 5000 төсек-орын енгізу. 

Сонымен бірге, іс-шара барысында Бағдарлама операторы мен Қазақстандық ипотекалық ұйымы арасында Студент жастардың тұру жағдайларын жақсарту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *