Ақшаны қалай аз жұмсап, көбірек жинақтауға болады?

Ақшаны қалай аз жұмсау керек?

  1. Табыс пен шығын есебін жүргізіңіз

Ең басты қателік — қадағаламау. Ақша қайда кететінін анықтау үшін күнделікті табыстар мен шығындарды жазып отыру керек. Өзіңізге қолайлы уақытта қолыңызға дәптер мен қалам алып, жазып отыруды ұмытпаңыз. Үлкен сомма жиналатын категорияларды топтастыру қажет. Мысалы: «тамақты» — «азық-түлік», «кафе, ресторандар», » жұмыстағы түскі ас» деп бөлуге болады. Бұл ақшаның көп бөлігі қайда жұмсалатындығын анықтауға, сонымен қатар, оны азайтуға көмектеседі. Бір айдан соң-ақ өзіңіз бен әдеттеріңіз жайлы біраз ақпарат жинайсыз, ал қажет болған жағдайда оларды түзетесіз.

2. Бюджетті жоспарлаңыз

Әр айда қанша ақша кетіру керектігін есептеңіз. Табысыңыз шығындарыңыздан 10% көбірек болсын.
Әр күн мен апта шығындарына лимит қойып, ол мәреден аспаңыз. Жұмсап қоямын деп қорықсаңыз, банктің көмегіне жүгініп, картаңызға лимит қойғыза аласыз.

3. Өміріңізді қиындатыңыз

Ойда жоқта сатып алулардан құтқаратын тәсілдер:
*дүкенге тек сатып алу керек заттардың тізімімен барыңыз;
*азырақ мөлшерде ақша, немесе лимиті іске қосылған картаны алып шығыңыз;
*егер бір зат қатты ұнаса, оны бүгін емес, ойланып алып, ертең алыңыз;
*ыңғайлы, бірақ маңызды емес дүниелерден бас тартыңыз, мәселен, өзіңізбен кофе алу, тамақ тапсырысы, т.б.

4. Заттарды түгендеңіз

Айына немесе жылына бір рет киімдеріңізді, кітап сөресін, азық-түлік қорын реттеңіз. Сізде не бар екендігін жазыңыз. Мүмкін, шкафта бүгінгі таңда трендке айналған көйлек ілулі болар. Қолданбайтын заттарыңызбен қоштаса біліңіз. Аз қаражатқа болсын, оларды сатып жіберу мүмкіндігі барын ескеріңіз.

5. Бас тартып үйреніңіз

Өзіңізді қажетсіз сатып алулардан тоқтатқан сайын, сол ақшаны жинақтау қорына салып отырыңыз.

6. Мүмкіндіктерді пайдаланыңыз

Әр маусымда тауарларға жаппай сатылым болады. Сол аралықты күтсеңіз, біршама үнемдеп қаласыз. Лояльдық бағдарламаоарды қолданып, жеңілдік карталарын аштырыңыз.

7. Жұмыс уақытымен салыстырыңыз

Үнемдеуге стимул — салыстыру. Тауар бағасын жұмыс уақытына айналдыру керек. Мысалы, сіз 9-дан 18-ге дейін, аптасына 5 күн жұмыс істейсіз, ал жалақыңыз — 80,000 теңге. 1 сағатыңыздың құны орташа есеппен 500 теңге. Егер, сіз 8000-ға туфли алар болсаңыз, бұл сіздің екі күндік жұмысыңызбен тең.

8. Стресстен құтылудың басқа тәсілін қарастырыңыз

Көпшілік үшін шопинг — көңіл-күй көтеру тәсілі. Алайда, бұл жаман әдеттердің бірі. Шопоголизм дерті қажет емес шығындарды ұлғайтып, стрессті өршелендіре түседі. Бұл тар шеңбермен тең. Нәтижесінде, сіз қосымша жұмыс істеп, стресс екі есе күшейеді. Әрине, табысыңыз өседі, бірақ, онымен қоса шығындарыңыз да өсетіндігін ескергейсіз.

Ақшаны қалай жинақтауға болады?

1. Нақты мақсаттар қойыңыз

«Мен қара көлік қалаймын» емес, «Мен БМВ маркасындағы қара көлікті осы жылдың соңына дейін алуым керек» деп бекіткен жөн. Оны алу үшін қандай сомманы жинақтау керектігін есептеп қойыңыз. Арманыңызды көз алдыңызға елестетсеңіз, үнемдеу жеңілірек болмақ.

2. Процесті автоматтандырыңыз

Жалақыны картадан алар болсаңыз, 10%-депозитке аударып отырыңыз. Депозитте қаражатыңызға проценттер қосылып отырады. Сонымен қатар, ол кредиттік картаға қарағанда, әлдеқайда қауіпсіздеу.

3. Саналы болып үйреніңіз

Ысырапшылдық балаға тән қасиет. Ал қаражатты басқара білу қабілеті — қалыптасқан тұлғаның дағдысы. Қолыңызға ақша тиген сәттен, сомманы бірнеше бөліктерге бөліңіз. Бір бөлігін (5-10%) — ұсталмайтын қаражат еткен жөн. Оны тек форс-мажорларда қолдануға болады. Екінші бөлігін инвестицияға құйыңыз: мамандарға тапсырып, не болмаса банктен депозит аштырыңыз. Сонда ғана сіз ақшаға емес, ол сізге жұмыс істейтін меxанизм жүзеге асады. Ал үшінші бөлігін күнделікті шығындарға қалдырыңыз.

4. Тиындарға арналған сандықша/банка бастаңыз

Үйіңізде сандықша бастап, әмияныңыздағы тиындарды жинақтаңыз. Бір айда сандықшадағы тиындар бірнеше мың теңге болады.

5. Жаңа табыс көзін іздестіріңіз

Бүгінгі таңда қосымша табыс көздері көп. Ғаламторды ашсаңыз болғаны, бірден xабарламалрға жолығасыз. Хоббиыңызды кәсіпке айналдыра отырып, бір оқпен екі қоянды атасыз. Демек, көңіліңіз де жайлы болады. Қосымша табыс көзін тапқаннан кейін ақшаны жұмсамауға тырысыңыз.

Егер, осы қағидаларды берік ұстанар болсаңыз, сіздің финанстық жағдайыңыз тез арада жақсара түседі.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *