Қадір түні қандай түн?

Қош келдің қасиетті Қадыр түні!

Ассаламу алайкум уа рахматуллахи уа баракатух,құрметті мұсылман бауырлар. Алла Тағала ұстаған оразаларымызды құлшылық ғибадаттарымызды қабыл етсін. Алла Тағалаға мадақтар болсын, Пайғамбарымыз () салауат болсын, сонымен бірге Аллаһ Тағала барлық мұсылмандардың жүректеріне иман беріп, тура жолға бастасын!

Маусымның 11-нен 12-сіне қараған түні күн батқан уақытта Қасиетті Қадір түні кіреді.

Сахих Бухари былай келтіреді: Жәбрейіл (а.с) Пайғамбарымызға () Рамазан айында Қадыр түні қай күні екендігін баяндап береді. Пайғамбарымыз () бұны естіген соң мұсылмандарға хабар беру үшін, үйінен шығып мешітке кіріп бара жатқан кезде, екі мұсылман бір-бірімен ұрысып жатқанын көріп, Пайғамбарымыз () Қадыр түні қай күн екендігін ұмытып қалады. Демек, екі мұсылман бір-бірімен тартысып ұрысса, осындай қасиетті түнді ұмытуға себеп болады. Сондықтан, мұсылман басқа мұсылман кісімен тартыспау керек. Егер Рамазан айында бір-бірімізді ренжіткен болсақ, онда кешірім сұрайық, бір-бірімізге қол көтерген болсақ, онда барып қайтадан қосылуға тырысу керек.

Сонымен, бізге екі нәрсені пайда ретінде алуға болады:

1. Бір-бірімізді ренжіткен болсақ, онда қосылуға тырысуымыз керек, өйткені мұсылман кісі өзіне не нәрсені қаласа, онда басқа бауырына дәл соны қалау керек. Мұсылман әр кезде кешірімді болу керек, өйткені Пайғамбарымыз () сахабаларын тәрбиелеген кезде осындай бір махаббатты орнатып кетті.

2. Күнә жұмыстардан аулақ болуымыз керек, яғни осы Рамазан айына дейін күнә жұмыс істеген болсақ, онда енді шын көңілмен Аллаһ Тағаладан кешірім сұрасақ, біздің күнәларымызды кешіреді.

Қадыр түнінің мұсылманға қандай пайдасы бар?

Ғалымдар төрт маңызды сауабы бар деп бізге жеткізеді:

1. Бұл Қадыр түні 1000 айдан жақсы дейді, яғни адам баласының өмірі көп кетсе қазіргі уақытта 70 немесе 80 жаспен шектеледі. Сонда мың ай 84 жылмен бірдей, яғни өмірбойы құлшылық істегеннің сауабын бір түннің ішінде аласыз. Демек, бұл түнде намаз оқысаңыз, 84 жыл намаз оқып шыққанмен бірдей болады. Егер, сіз садақа берсеңіз, онда 84 жыл беріп жүрген боласыз. Міне, осылайша барлық жұмыстарымызды теңдестіруге болады. Сондықтан, Аллаһ Тағаланың 1000 айды айту себебі мұсылман адамда осы түн үшін ерекше махаббат болу керек, сонымен бірге Аллаһ Тағала бізді қызықтырып отыр.

2. Қадыр түнінде Аллаһ Тағала біздің дұғамызды қайтарып тастамай, қабыл етеді. Дәл осы түні қабыл ететін себебі: Қадыр түнінде аспаннан періштелер түседі. Олар жерде жүріп, барлық хабарды Аллаһ Тағалаға жеткізеді. Бұл Құран Кәрімде бізге баяндалынып берілген.

3. Бұл түні құлшылық істесек, бұрынғы күнәларымызды жояды. Пайғамбарымыз (): «Кім Қадыр түнінің сауабына сеніп, шын көңілімен құлшылықпен істейтін болса, онда Аллаһ Тағала бұрынғы күнәларын кешіреді», — деген (Бухари, Муслим). Ғалымдардың бір тобы үлкен күнә немесе кішкентай күнәлар деп бөлсе, енді бір тобы: «Пайғамбарымыз () нақты күнәларды бөлген жоқ, сондықтан ол қандай күнә болса да Аллаһ Тағала кешіреді»,- дейді. Сондықтан, құрметті мұсылман қауым, осы түнде шын көңілмен Аллаһ Тағаладан істеген күнә жұмыстарымызға кешірім сұрауымыз керек. Демек, күнәдан арылу үшін бір жерге барудың немесе басқа жұмыс істеудің керегі жоқ, тек қана шын көңілмен құлшылық істесек, сонда ол қабыл болып, біздің күнәларымызды кешіреді.

4. Тозақ отынан сақталады. Өйткені, Пайғамбарымыз (): «Рамазан айының алғашқы он күні мейірбандық күндері, ал екінші онкүндік кешірімділік күндері, ал ең соңғы он күні тозақ азабынан сақтанатын күндері», — деген (Хаким). Демек, сен Рамазан айына күнә жұмыстармен кіргенде, ең бірінші Аллаһ Тағала саған мейірбандық істейді, ал онан кейін күнәларыңды кешіреді, содан кейін тозақ азабынан сақтайды, яғни тозаққа кірмейміз. Пайғамбарымыз () басқа хадисінде былай дейді: «Рамазан айының соңғы он күніне кіргенде, Аллаһ Тағала көп мұсылманның мойындарын тозақ отынан сақтайды (босатады)». Сонда сахабалар: Я, Расулуллаһ ()! Неге, дәл ең соңғы күндері тозақтан босатады?»,- деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (): «Сендер жұмысшыларды көрмедіңдер ме? Олар бір ай бойы жұмыс істейді, ал айдың аяғында олар еңбектерін алмай ма?»,- деп жауап берді. Міне, біздер де бір ай бойы ораза ұстадық, сонымен бірге намаздарды тастамай Аллаһ Тағаладан күнәларымызды кешіруді сұрадық. Енді, сол еңбек үшін Аллаһ Тағала біздің бұрынғы күнәларымызды кешіріп, тозақ отынан сақтап жәннатқа кіргізеді.

Пайғамбарымыз () Рамазан айының ең соңғы күнінде не істеуші еді?
Пайғамбарымыз () ең соңғы он күнінде түнді құлшылықпен өткізуші еді. Айша анамыздан: «Рамазан айының ең соңғы он күнінде ол түнде ұйықтамаушы еді. Жанұясын оятушы еді және әйелімен қарым-қатынас істемеуші еді» (Бухари,Муслим). Демек, Пайғамбарымыз () осы күн ішінде түнгі намазды (тахажжуд) өткізбей, құлшылық істеп, сонымен бірге жанұясын оятатын еді. Енді осы он күнде қандай жұмыстарды істеген сауап болады:

1.Тарауық намазына келу, яғни бұл намазды тастамау керек.

2. Құран Кәрімді осы он күн ішінде хатым істеу, яғни күнде үш рет оқыса, сонда он күнде барлығын оқыған болады. Демек, бұл уақытты босқа жібермеу керек.

3. Тахажжуд (түнгі) намазды тастамай оқу керек. Өйткені, бұл Аллаһ пен пенденің арасында болған байланыс. Бұны ешкім көрмейді, сонымен бірге Аллаһ Тағала күнде аспаннан жерге періштелерді түсіреді. Пенделері кешірім сұрап жатқан болса, кешіреді. Ал, кім тәубә етіп жатса, оның тәубәсін қабыл етеді. Сұрап жатқан кісінің сұрағанын береді. Сондықтан тахажжуд намазын өткізбеу керек.

Сондықтан, құрметті ағайын, осы Қадыр түні жұп күнінен тақ күніне өткен түн болғандықтан, ең соңғы күндерде намаз оқып, Аллаһ Тағаладан кешірім сұрауымыз керек. Мешіттер 27 түні ашық болады, бірақ өкінішке орай, көп кісілер осы мешітке жай отыру немесе әңгіме айту үшін келеді. Бұның барлығы қате болып саналады. Егер біз осындай ниетпен мешітке келетін болсақ, онда ол Аллаһ Тағала алдында қабыл болмайды, сонымен бірге кейбір кісілер мешітке тамақтарын бірге алып келіп, осында тамақтанады. Бұның барлығы қате болып саналады. Сондықтан, Қадыр түні жұмыстарымыз қабыл болсын десек, ең бастысы құлшылық істеу керек. Ал, енді мешітке келіп, бұл жерде уағызды тыңдамаса немесе бос сөздерді айтып отырса, онда ол қалай қабыл болады. Қадір түнінің сауабына тең келетін түн жоқ, сондықтан бұл түнді жай өткізбеуге тырысып, Аллаһ Тағаладан қалаған нәрсемізді сұрауымыз керек.

Аллаһ Тағала барша құлшылық, ғибадаттарымыздықабыл етсін. Амин!

Түкетаев Ардақ Адильxанұлы

Ақтоғай ауданы орталық мешіттің бас имамы

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *