Қалқаман Сариннің ең үздік 5 өлеңі

Көктем

Жүрегіме жыр құйып көктен сарнап,

Мынау – менің құстарым жеткен самғап.

Қара жердің қайғысын сейілтеді,

Қанатынан күміс нұр көктем саулап.

 

Соғады әлсіз жібектей жел жұмсарып,

Жұпар еміп жібиді бел бусанып.

Сағыныштың тамшысын көктен үзіп,

Cал-көктемге жылайды жер мұң шағып.

 

Сабағынан сығалап сан мың бүршік,

Тал, терекке қолтаңба қалдырды шық.

Көктем мен жаз, күз бен қыс өрнек салар,

Шыр айналған дүние-ай, тағдырлы ұршық.

 

Күн көзінен күрең бұлт үркіп қашып,

Жер көктемге өлердей ынтық, ғашық.

…Кәрі қыстың кеткісі келмегендей,

Бір аяғын барады сылтып басып.

Анашым

Асыл ана! Түсімде көрем сені,

Бұрынғыдай емессің неге еңселі?

Мен білсем, саған деген сағыныштың,

Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.

 

Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,

Елжіреп елесіңді құштым тағы.

Хат байлап қанатына жіберер ем,

Бармайды-ау, біздің жаққа құстың бәрі.

 

Не таптым, белден кетіп бетегелі?!

Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.

Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,

Он жылдық білімім де жетер еді.

 

Дүние шыр айналып  шарайнадай,

Жолыма қала бердің қарай-қарай.

Қайырымсыз қалаға, мейірімді,

Қалдырып кете бергем қалай ғана-ай?!

 

Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың,

Жанымды жегідей жеп жатыр мұңым.

Ардақтап арнамасам саған өлең,

Адыра қалатындай ақындығым.

 

Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?

Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.

…Тарылған көшелері тас қаладан,

Тарыдай бір мейірім таппағанда,

Сені сағынып кетем, анашым!

 

Алланың бары ақиқат

«Алладан басқа жоқ Тәңір,
Мұхаммед – оның елшісі».
Соны айтып жаннат баққа кір,
Иманың – жанның емшісі.
Болуы қиын Хаққа құл,
Ібіліс болса көршісі.
Адамның көбіі жатбауыр –
Заманның жалған кем тұсы.
Жер бетіндегі көп қабір –
Адамның алған еншісі.

Құлдың да құлдан несі артық?
Нәпсісін түгел тыйса артық.
Зікір ғып Хақты ішінен,
Иманын кәміл жыйса артық.
Разы боп қылған ісінен,
Раббыңның өзі сүйсе артық.
Жәннаттан бір жай күтіп ең,
Кірерсің сонда күй шалқып.
Анаңның аппақ сүтінен,
Жұмақтың жұпар иісі аңқып.

Ғибадат жасап құрметпен,
Жаратқан хақтың нұрын көр.
Пайғамбар салған сүннетпен,
Жаңылмай жолдан жүріңдер.
Жұмағың жаннат, гүл-Көктем,
Тұрағың болмас жұмыр жер.
Рақым нұр жауып тұр көктен,
Танитын соны ілім бер.
Құлшылық еткен үмметке
Тіршілік етер ғұмыр бер!

Өтпелі мына ғасырдың,
Өткелі қиын жол болар.
Мерейі тасып тасырдың,
Асылдың бағы кем болар.
Сынағы ол да Хакімнің,
Шүкірлік етсең жөн болар.
Есіктен кірген басыңның,
Алатын орны төр болар.
Бесіктен шыққан басыңның,
Баратын жері көр болар.

Құранның сөзі – қасиет,
Пайғамбар сөзі – өсиет.
Ұмытпа сабыр етуді
Көрсең де қайғы, қасырет.
Бабалар өткен не түрлі,
Иманы жалғыз досы боп.
Сүйгені сүннет секілді
Бұйрығы хақтың осы деп.
Ғибратты ғұмыр кешуді,
Бізге де Алла нәсіп ет!
Менің-мұңым

Тағы да Түн.
Тәтті елестер ұнайтын жаныма тым.
Мына жарық жалғанда болса бір жан
Ол – өзіңсің, мені ойлап, сағынатын.

Жанып, ысып,
Заңғар көкке арманың алып-ұшып,
Білем, сезем, нұрланып отырсың-ау,
Сағынышың айға әппақ шағылысып.

Иә, жаным!
Қиялыңның мекендеп қия, жарын.
Күрсіністер ішіне құлап кетіп,
Өз ойыңның тартасың жиі азабын.

Көзіңде мұң,
Жүрегіңнен бермесең сезімге орын..
Ұмыт мені ендеше! Сені мүлдем
ұмытудың таппадым өзім жолын.

Қайдам, гүлім,
Таусылғандай бар амал – айлам бүгін.
Төзіміңе сүйеніп көз іледі,
Қабырғасы сөгілген қайран мұңым.

Түн – сабырым,
Жұбатады жанарға тұнса мұңым.
Сағынбас ем, дәл бұлай сағынбас ең,
Жүрегіңе, жаным-ау, жүрсе әмірің.

Қызым менің…

Қызым менің,
Сәуле шашып ойнасын жүзіңде күн.
Өз қолыммен өсірген қызғалдағым,
Қаламаймын гүлімнің үзілгенін.

Қызым менің,
Қылығыңды тәп-тәтті жүзім дедім.
Бұл өмірдің бақ тұнған бақшасынан,
Жемісіңді қалаған үзіп жегін.

Қызым менің,
Болашағыңды ойлаумен бұзылды өңім.
Қысқа-қысқа тағдырлар құрайды екен,
Тарам-тарам тірліктің ұзын жолын.

Қызым менің,
Бой жетерсің боялып қызылға ерін.
Бұл әкеңнің тілегі: анаңдай бол,
Анаң сенің атанған түзу келін.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *