Қарға баласын «аппағым»дер, кірпі баласын «жұмсағым»дер

Жер-дүниенің патшасы Сүлеймен пайғамбар кірпі мен қарғаға былай деп бұйрық қылды.
– Сен, қарға бар! Бір түнде жер-дүниені аралап, бір жақсы сайрайтын құс тап. Бұл құсты үйдің бас жағындағы тұрған қапасқа отырғыз. Таң атқанда бұл құс мені сайраған даусымен оятсын!
– Сен, кірпі, барып жердің жүзін тінтіп, маған бір жұмсақ нәрсе тап, бұл нәрсені әкеліп, дәл менің жастығымның үстіне, бетіме таяу қой! Құс сайрағанымен оянып, қапасқа қарай бергенде, бетім бұл нәрсеге тисін, – деді.
Қарға дамыл таппай, көп жерлер аралап, құстардың сайрағанын естиді. Бұған бір де құстың сайрағаны жақпайды. Мұның ойлауынша, бұлбұл, сандуғаш һәм басқа құстар жаман сайрайтын көрінеді. Даусы жақсы құсты таба алмай, қарға сорлы қайғырды: «Енді маған өлім келеді ғой», – деп. Таң мезгілде талып, шаршап қарға ұясына қайтты, «балаларын бір көріп, амандасып кетейін» деп. Пақыр анасын көріп аш балапандар шиқылдап, қарқылдай бастады. Бұлардың қарқылдағаны қарғаға сондай жақсы, нәзік көрінді. Бұлардың қасында бұлбұл, сандуғаш әлдеқайда жаман сайрайтын көрінеді. Қарға сорлы қуанып, балаларын Сүлейменге әкеліп, мұның қапасына отырғызады.
Кірпі түні бойы дамыл таппай, жердің жүзін кезіп, жұмсақ нәрсе іздейді, іздесе де таба алмайды. Бұл да шалдығып, шаршап, үңгіріне қайтып келеді. Пақыр анасын көріп, мұның балалары алдынан шығып құшақтайды, кірпі де құшақтайды. Кірпіге балаларының денесі сондай жұмсақ көрінеді. Бұл ойлайды: «Жердің үстінде өзімнің балаларымнан жұмсақ нәрсе болмас», – деп. Көп ойламай, кірпі балаларын Сүлейменнің жастығының үстіне әкеліп қояды.
Таң атты. Қарғаның балалары қарқылдап, шиқылдай бастайды. Сүлеймен «бұл не?» деп, қапасқа қарай бергенде мұның бетіне тікенектер кіріп кетті. Қараса, қапаста қарғаның балалары отыр, жастығының үстінде кірпінің балалары жатыр.
Сүлеймен ашуланып, қарға мен кірпіні шақырып алып, бұлардың басын кесуге бұйрық қылады. Жазалы болған кірпі мен қарға «дат, тақсыр» деді. Сүлеймен «дат» берді. Екеуі бастан-аяқ қылғандарын баян етіп еді, ойға түсті. Бұл ойлайды: «Әркімдікі өзінікі-өзіне балдан тәтті, оттан ыстық, күннен жарық һәм мамықтан жұмсақ», – деп, қарға мен кірпіні босатып жібереді.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *