Қарағандыда цифрлық журналдың таныстырылымы өтті

Қарағандыда тұңғыш цифрлық «Ulys» журналының таныстырылымы өтті. Журналдың редакторы Ержан Қалымбай: «Біз сапалы дүниелерді, медиа саласында болып жатқан ақпарларды xалыққа жеткізуіміз керек деген ниетпен жобаны бастадық» — дей келе, басылымның маңыздылығы мен артықшылығын тілге тиек етті.

 «Ulys» журналының тұсауы ұлт көсемі Аxмет Байтұрсынұлының туған күнінің құрметіне 5 қыркүйекте Астанада кесілді.
Қазақстандағы және Орта Азиядағы бұл тұңғыш цифрлық  журналдың атауы көне түркі сөзінен шыққан. Мемлекет, ұлт, империя деген ұғымға келеді. Мысалы, Шыңғыс ханның ұлысы, Жошы ханның ұлысы деген тіркестер соған дәлел. Екінші, мағынасы «ұлы іс». Журнал соңғы үлгіде Digital форматында жасалған. Сәйкесінше, ол мақаланы оқып қана қоймай, бейне түрінде көріп, әуезді дыбыстар арқылы шынайы сезінуге жол ашады. Бір қызығы, жарыққа шығар туындыны көбіне журналистер емес, сарапшы мамандар даярлайды. Материалдар 6 тілде жарияланады. Ақылды саусақ батырмасы сізбен сөйлесіп, мақаланы кең ауқымда түсінуге көмектеседі.

Цифрлық журналдың бас редакторы Ержан Қалымбайдан жаңа туынды жайлы бірнеше сұраққа жауап алдық. 

— Журналдың басты ерекшелігі неде?

—  Цифрлық жүйе — бүгінгі ақпарат дәуірінің бір бөлшегі. Қазір газет- журнал оқитын жастар аз. Сол себепті, осы жүйені қолға алдық. Оқуға  ыңғайлы. Бастысы, жазылған әр материалға терең талдау жасалады.

— Журналда көбіне xалықаралық материалдар жазылады екен. Осы материалды дайындайтын кезде сарапшыдан қандай бір қателік кетсе, журналға өзге мемлекет тарапынан қысым көрсетілмей ме?

— Бізге жазатын мамандардың барлығы кәсібіи сарапшылар. Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстаннің ғылыми-зерттеу орталықтарында жұмыс істейтін мамандар. Көбінің ғылыми атақтары бар, кітаптары бар, бірнеше тіл біледі, нақты бір салаға маманданған кәсіби сарапшы.

— Журналдың шығуына үкімет тарапынан көмек көрсетіле ме?

—  Қазақстан медиасы да цифрлық технологияны игеру керек. Себебі, цифрлық құндылықтар заманы. Бірақ, БАҚ туралы заңдылықтарда біраз кемшіліктер бар. Алдағы уақытта отындық медиалардың заманға сай ғылыми-технологиялық үрдістерге сай дамуына мүмкіндік беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізеледі деп ойлаймын. Қазір ешқандай демеуші жоқ. Өз қаражатымызбен шығарып жатырмыз. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бәрін көріп, қолдап отыр. Келесі жылы қаржыландырады деген үміттеміз. Демеушілік танытамыз дейтін жандар болса құба-құп.

— Цифрлық жүйеге алдағы уақытта өзгеріс енгізіле ме? 

— Заман талабына сай журналды дамытамыз. Көптеген жаңалықтар, соңғы тәсілдер енгіземіз. Қазір екі-ақ кісі бүкіл редакцияның жұмысын істеп жатқандықтан үлгермей жатырмыз. Бірақ, алдағы уақытта оқырмандарымызды қуантатын жаңалығымыз көп.

— Басылымға кез-келген адам материал жібере ала ма? Алғашқы бетіне шығу үшін қандай талап қойылған?

— Басылымның бетінде көп тілді меңгерген, өзіндік орны бар мамандарды таныту мақсатында қойылады. Журналға кез-келген тұлға мақала жариялай алады. Тек, ақпарат шынайы әрі нақты жазылса болғаны. Журналдың әрбір санында Қазақстан мен Түркі әлеміне ортақ түрлі сараптамалық мақалалар жарияланады.

Журналды iOS және Аndroid жүйелеріндегі “Play Market” және “AppStor” қосымшасы арқылы телефоныңызға жүктеп алуға болады.

Анар Орақбай

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *