Қара келі

Тазагүл тұлымшағы желбіреген қара қыз еді.
Ауылдастары «қара кемпір» деп атап кеткен Əжесі жəне тетелес өсіп келе жатқан бес-алты жастар шамасындағы екі інісі, бір шаңырақтың астында тұрады.
Əкелері ұжымшардың меңгерушісі болған. Кедей-кепшіктерге үш келі бидайдан таратып бергені үшін, «Халық жауы» болып, атылып кеткен көрінеді. Əлде, «итжеккенге» айдалып кетті ме екен?! Ол жағы Тазагүлдің отбасына беймəлім.
Əйтеуір, қызыл жағалылар қара машинамен келіп, алып кеткенін көздерімен көрген.
Шешелері, Тазагүлдің бала шағында-ақ көз жұмған. Содан бері, бұлар Əжесінің қолына қарап қалған.
Əжесінің қара келісі бар еді. Ол, ес білгенінен Тазагүлдің көз алдында. Келсабы да келі секілді қарайып, желіне бастаған. Əр жерінде жарықшақтар пайда болған. Өте қатты ағаштан, домбаштап жасай салғаны көрініп тұр. «Ауылдағы кішкене ұста шалдың қолынан шыққан дүние еді» деп, айтып отыратын Əжесі.
… Əлі есінде, зобалаң жылдары олар төбесі қамыс араласқан лай-балшықпен жабылған кішкене-кішкене үш бөлмелі үйден, таң алакеуімнен тізбектеле шығып, орылған тары егістігіне бет алатын.
Əжесі, өзінен бастап, немерелерінің мойындарына бір-бірден дорба іледі. Əлі ұйқысын аша қоймаған кішкене екі немересінен алқапта көз жазып қалмас үшін, Тазагүлдің етегінен ұстатып қояды. Немесе, бəрі бір арқанды белдеріне байлап жүре береді.
Осылай, бірнеше шақырымдағы егістік алқабына жеткеннен кейін, масақ теруге кіріседі.
Тарының масағы. Тіпті өнімсіз. Аш құрсақ балаң көңілдері бір масақ тапса, жерден жеті қоян тапқандай қуанады дейсің.
Тарының масағын күнкөріске талғажау ететіндер, алқапта көп-ақ. Бəрі егістікке жақын ауылдардың адамдары. Бұлар, соның өзін тыныштықпен термейтін.
Егістіктің колхоздың арық қарагер атын мінген содыр қарауылы бар. Бұларға күн көрсетпейді. Ұстап алса, жандарын шырқырататын.
Себебі, бұлар халық жауының жақындары.
Бүгін де солай болды…
Əжесі əдеттегідей көздерін тырнап ашқан немерелерін ертіп, масақ теруге шыққан. Жақындағаннан-ақ, алқаптан өздері секілді қара құрым масақшылар көзге шалынды.
Бұлар алқапқа аяқ басқаннан, күнделікті жұмыстарына кіріскен. Ұйқысырай аяңдап, көзге шалынған тары масағын мойындарына ілінген дорбаларына тастай берді. Дорбаларының түбі томпайған сайын, жүздері де жадырай түседі.
Күн сəскеге таянған шақта, алаңсыз жүрген масақшыларды, қарагер атын қос өкпеден тепкілеп, шаңдатып шауып келе жатқан содыр қарауылдың ащы даусы елең еткізді. «Өй, Əкеңнің, сендерді итжеккенге айдатам!.. Сүйектерің Сібірде шіритін болады!» деп, аузынан жан түршіктірер былапыт сөздерді шұбырта екпіндетіп келеді. Алдына келгенін аяйтын емес. Сегіз өрім қамшымен, жонарқадан осып-осып өтеді. Қамшының астында қалғандар, сол жерде сілейіп жатыр. Қалған масақшылар жан -жаққа бытырай қаша жөнелді.
Əжесі де немерелерімен сайға бой тасалаған. Өрекпіген демдері басылар емес. Тазагүл мен інілері қаншалықты ызаға булыққанымен, көз жастарын Əжелеріне көрсеткісі келмей, кірлей бастаған жеңдерімен кезек -кезек сүртеді.
Содыр қарауылдың үні, бəсеңдеп барып, өшті ғой деймін. .. Сай жағалап жан сақтағандар, алқапқа қайта үйіріле бастады.
Ақшам уақтысы да таяп қалған. Қас қарая, Əжесі немерелерін жетектеп, ауылға қарай аяңдады. Солыңқы жүздерінен əбден шаршағандарын байқау қиын емес. Жəпірейген үйдің табалдырығын аттай, Тазагүл мен інілері сүріне құлады. Күні бойғы жүріс, бəрін де шаршатқан. Екі інісі мұрындары пыш-пыш етіп, ұйқыға кетті. Тазагүл олардың үстіне, қолына іліккен, Əкесінен қалған шапан-шекпендерді қымтай жауып, біразға дейін ойға шомды.
Терезеден түскен ай сəулесі, інілерінің көз жастарымен айғыздалған жүздерін айқын көрсетіп тұр. Оған үңіле қараған бойжеткен қыз, балалардың алқымдарынан құшырлана иіскеді де, көзі іліне берді.
Ал, Əжесіне əлі ұйқы жоқ. Сығырайған шамның жарығымен, күні бойы жинаған тарыны сұрыптады, желпіді, тазалады. Қара келіге уыстап салып, түйді. Түйген сайын, тарының қабығы аршылып, тазара түсті. Сосын, суға салып, бір қайнатып алған. Содан кейін, неше күннен бері жиналмаған төсегіне барып жантайған…
Таң азаннан, Əжесі бірінші болып оянатын-ды. Кешегі дайындаған азығын, суға қайнаған қалпында, темір тостағанға кішкене-кішкенеден салып, жаңа ғана ұйқыдан тұрған немерелерінің алдына қояды. Ішектері шұрқыраған олар, соның өзін қанағат тұтып, жеп алатын. Кей кездері, тары аз-ақ боп қалады. Ондайда, Əжесі төрде ілулі тұрған, көк ешкінің терісін жерге төсеп, үстіне дайындаған тарыны шаша салады. Барлығы жапатармағай теріге үңіліп, саусақтарына ілінгенін жей беретін. Осылай күндер өте берді.
Əжесі дүниеден озды.
Қара келі, бойжетіп қалған қара қызға қалды.
… Тазагүл шалғайда жатқан ауылдардың біріне, өзінен он жас үлкен қойшыға тұрмысқа шықты. Əжесінің көзіндей болған қара келіні, өзімен бірге ала кетті.
Екі інісі интернатта жетіліп, кейін үйленіп, үйлі -күйлі болды.
Аралары алыс болса да, араласып-құраласып тұрады.
Бүгінде, қара қыз —- қара кемпір болған. Шиеттей бала-шағасы, немерелері бар.
Бірақ, оның өмірі өгіз жүрістен жаңылмады. Тағдырдың салмағы мойнынан бір түскен емес.
Шалы көз жұмды. Баяғы Əжесі сияқты, қолына қараған бала-шағасына нан тауып беру үшін, қара келіні қолына алды.
Бірақ, тары емес, жүгері түйеді. Жыл бойы түйіп дайындаған жүгерісін, Ұлыстың Ұлы күні жақындағаннан, ауылдастарына пұлдайтын.
Қара кемпірдің қолынан дайындалған жүгеріден қайнатылған Наурыз көже, тіл үйірер дәмді болатын.
… Қара келі, қара кемпірмен əлі бірге жасасып келеді.

АСХАТ
РАЙҚҰЛ

» Ақ жол» газетінен

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *