Арапа күнін өткізіп алмайық, ағайын!

Арапа күні – күндердің ең қадірлісі, Зүл-хиджа айының тоғызыншы күні. Бұл күні жасалған ізгі амалдардың сауабы бірнеше еселеніп беріледі. Оның нағыз мөлшерін Алладан басқа ешкім білмейді. Сондай-ақ, ол күні жасалған күнәлар да бірнеше еселеніп жазылады. Аталған күні ораза ұстау мүстахап амал (сүннет) болып табылады. Таң намазына 10 минут қалғанда ауыз бекітіп, ақшам уақытында ашады.

Муслим және тағы басқа да ғалымдар жеткізген сахих хадисте Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Арапа күнгі ораза жайында сұралғанда, оның былай дегені айтылады:
«Сол күні ораза ұстаған адамның өткен жылғы және келер жылғы күнәлары кешіріледі».
Арафа күні армандарыңыз орындалып, жәннатқа жол табуыңыз да ғажап емес. Ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) білдіруінше, арапа – артықшылығы мол күн. Ол артықшылығы жағынан жұма күніне ұқсас. Ол жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық. Дұғалардың ең жақсысы да – арапа күні жасалған дұға (Байхақи). Ендеше, арапа күні барынша көбірек және шын ықыласпен дұға жасаған жөн. Әсіресе, дұғаларымызда тек өзіміздің бақытымызды тілеумен шектелмей, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын, жастардың иманды болып өсуін, т.б. бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің де оң шешімін тілеп, жалбарынған жөн дер едік.

Ауыз бекітерде оқылатын дұға:
Йа, Раббым, бүгінгі Арапа күні өзіңнің разылығың үшін таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ұстауға ниет еттім!

Ауызашарда оқылатын дұға:
Йа, Раббым, сенің разылығың үшін ораза ұстадым, саған иман келтірдім, саған тəуекел еттім. Сен берген ризықпен ауыз аштым! Өткен жəне келешек күнəларымды кешір! Əмин! 

Астана қаласы бойынша ауыз бекіту уақыты: 04:21. Ауыз ашу: 20:31. 

Қарағанды қаласы бойынша ауыз бекіту уақыты: 04:22. Ауыз ашу: 20.21

Арапа — тілімізге арабтың «ъарафа» етістігінен енген сөз. Мағынасы — білу, түсіну .
Зүл-хиджа айы — Қасиетті Құрбан айт басталатын ай.

Абдраxман Ысқақ Раxымбекұлы

Теміртау қалалық орталық мешіттің бас имамы

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *