Арыс қаласына көгілдір отын келеді

Бірер жылда Арыс қаласының халқы от жағып, күл шығарудан түгелдей құтылады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Бұған дейін көгілдір отыны болмаған шаһарда алғаш рет газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур кезінде БАҚ өкілдері қаланың коммуналдық мәселелерімен танысты.

Атап айтқанда, Арыс қаласы, Ақдала және Қожатоғай ауылдық округтеріндегі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаруаларға деп облыстық бюджеттен 88,9 млн. теңге қаржы бөлінген.

«Бірінші кезең бойынша нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен биыл 884,0 млн теңге, 2019 жылға 500,0 млн теңге, 2020 жылға 1581,0 млн. теңге қаржы қаралып отыр. Екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарына республикалық қазынадан биылға 719,8 млн теңге, 2019 жылға 219,7 млн теңге қаржы бөлінуде. Ал, кезеңде 567,0 млн. теңгені игереміз деп отырмыз. Егер осы жұмыстар аяқталса, қаламыздың 50 мыңға жуық халқы көгілдір отынға қол жеткізеді. Жалпы 2018-2025 жылдары қалаға қарасты 26 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл қала халқының 99,5% құрайтын болады», – деді Арыс қаласының әкімі Қадырбек Мұрат.

Сондай-ақ, онда ауыз су мәселесі де оңтайлы шешілуде. Қазіргі таңда қаланың Талдықұдық және Отырар тұрғын ауданындағы магистралды су өткізгіш тораптарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2016 жылы сметалық құны 803,024 млн. теңгені құрайтын мемлекеттік сараптама қорытындысы шықса, өткен жылы құрылыс жұмыстары басталған. Жоспар бойынша нысан жыл соңына дейін тапсырылады.

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *