Қатемен жұмыс (Астана — Спортинг)

Кеше ақпанның 15-і күні Европа Лигасы турнирінде қазақстандық “Астана” португалдық  «Спортинг»  командасын өз алаңында қабылдады. ”Астана” бұл ойынға дейін бір ай ресми түрде қарсыласпен ойнамаған.Бір жағынан қарасаң, бұл өте жақсы. Себебі, барлық ойыншылар тың және сергек. Бірақ, жаман жағы да жоқ емес. Бір ай шынайы қарсылас көрмеген команда футболға деген мотивациясы мен концентрациясын жоғалтатыны көп кездесетін жағдай.

   «Астана» қарсыласына 4-1-4-1 сызбасы бойынша ойнады. Қақпада Ненад Ерич. Әрі қарай 4 қорғаушы: оң жақта Игорь Шитов, орталық қорғаушылар Юри Логвиненко мен Марин Аничич және сол жақ қапталда Шомко ойын көрсетті. Жалғыз орталық қорғаушы Абзал Бейсебеков. Шабуылға жақын ойнаған Иван Маевский және германиялық “Вердерден” жалға алынған Кляйнхайслер. Ал қонақтардың қақпасына гол салу міндеті Джордже Деспотович, оң жақ қапталда Патрик Твумаси және сол жақта “Астана” құрамындағы жалғыз гол иегері Томасов.

   Португалдық ұжымға келетін болсақ, Жорже Жесус  4-4-1-1 схемасын қолданды. Бір қарағанда төмен қорғану үшін таңдалған схема десек, ойын барысында шабуылда “Спортингтің” 5 ойыншысы жүргенін байқауға болады. Сонымен, қақпада Еуропа чемпионы Руи Патрисиу. Оның көмекшілері: орталық қорғаушылар Андре Пинто және Коатес, сол жақ қапталда “Реал Мадрид” командасының бұрынғы ойыншысы Фабио Коэнтрау, ал оң жақта Пиччини. Ортада “Астананың” шабуылын тоқтатушы Уиллиям Карвальо, оның жанында аргентиналық  Акунья.  Пенальти соққысынан кейін гол салған Бруно Фернандеш және шабуылшы Думбияға көмек көрсететін оң жақта Брайн Руиз және  сол жақта желаяқ Желсон Мартинш.

   Ойынға келсек, “Астана” тез гол салу мақсатын орындады. Олар 7 минутта Томасовтың арқасында алға шықты және әрі қарай өз басымдылығын арттыру үшін “Спортинг” қақпасына көптеген соққылар жасады. Тек Руи Патрисионың арқасында “Астана” өз басымдылығын еселей алмады. Екінші тайм  мүлде өзгеше футбол басталды. “Спортинг” командасының бас бапкері ойыншыларды жігерлендіріп, қандай турнирде ойын көрсетіп жатқанын естеріне салған сияқты. Ал “Астана” екінші таймға дайын емес болып шықты. Команда 7-ші минутта бір гол салса , қарсыластары 8 минутта қақпа нысанасын 3 рет дәлдеді. 48 минутта пенальтиден Бруно Фернандеш салса, 2 минуттан кейін Желсон Мартинш өз мүмкіндігін жібермеді . Ал 56 минутта “Спортингтің” мергені Думбия қонақтардың 3-ші голын салып, ойынның нүктесін қойды. Бірақ, қазақстандық команда еңсесін түсірмей, өз жанкүйерлерінің алдында лайықты ойын көрсетті.

“Астана” екінші ойында қарсыласын жеңіп, келесі раундқа өте ала ма? “Спортинг” келесі ойынға екінші құрамын шығара ма? Бұл сұрақтардың жауабын 22 ақпан күні көре аламыз.

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *