Ауғанстандағы соғыста 30 жыл бұрын жоғалып кеткен КСРО сарбазы тірі табылды (ВИДЕО)

      Ауғанстандағы соғыс кезінде тұтқынға түсіп, кейін із-түссіз жоғалып кеткен бұрынғы кеңес әскерінің прапорщигі аман-есен табылды. Бұл туралы украиналық ТСН порталы хабарлап отыр.

Осы уақыт аралығында ер азамат өзінің есімін де, украин тілін де, орыс тілін де ұмытып қалыпты. Геофизик ғалымдармен бұрынғы сарбаз тілмәш арқылы сөйлескен. Ол өзінің Украинаның Волынь облысынан екенін айтыпты.

Анықталғандай, Игорь Белокуров 30 жыл бұрын Кандагар провинциясында борышын өтеп жүріп, тұтқынға түсіп қалған екен. Біраз уақыт ол құлдықта болған. Кейін ол аман қалу үшін ислам дінін қабылдап, есімін Амриддин деп өзгерткен.

Оның анасы Антонина ұлын 20 жыл бойы іздепті. Ақыры таппаған соң ол Игорьға арнап мола тұрғызып, көктас та қойған. Ал, арада 30 жыл өткеннен кейін қарт әжейге ұлының суретін көрсеткенде ол есінен таңып қала жаздады.

«Жүрегім бірден сезді, таныдым. 30 жыл өтсе де ол өзгермепті, қартайып кеткен. О Құдай, қатты азаптанған ғой», — деді Антонина әжей ұлының суретін көріп. Ол жақын күндері Игорьді құшағына алатынына сенімді. Егер денсаулығы сыр бермегенде Ауғанстанға өзім барар едім деп отыр.

Волынь облыстық Ауған ардагерлер кеңесінің төрағасы Игорь Белокуровты елге 1 айдан кейін әкелуге уәде берді. Қазір құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр екен.

Дереккөз: sn.kz

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *