Ауылға сағыныш

Ауылға ауып аңсарым,
Өзімді іштей жаншамын.
Білсең ғой мына қаладан,
Шаршадым,мама, шаршадым.

Тағы да көңіл ызалы,
Шаттықты мұң кеп бұзады.
Келген еді ғой гүл көктем ,
Жүрегім бірақ мұз әлі.

Ішіме толып нала, мұң,
Өтірік күлді жанарым.
Құлдырап санам, соңғы кез
Өсем деп өшіп барамын.

Қиялдау, ойлау — ермегім,
Осы ма ед іздеп келгенім?
Сипамай бастан жақыным,
Аяқтан алды сенгенім.

Жақынмын дейді, жат бәрі,
Санам да тыныш таппады.
Түсіме күнде енеді,
Ауылдың гүлді бақтары.

Түсірдім білем шағым мың,
Келмейді көпке жағынғым.
Әкемнің ыстық құшағын,
Әніңді сенің сағындым.

Өмірім сол бір қалып тек,
Күн кешіп жүрмін ғаріп боп.
Өтінем, мама, қаладан,
Ауылға мені алып кет…
                           Ақерке ӘБДІКӘРІМ

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *