Қазақстан хоккей құрамасы Венгриядан басым түсті

Қазақстанның ұлттық хоккей құрамасы Венгрия командасымен өткен 2018 жылғы Әлем чемпионатының бірінші дивизионында жеңіске жетті. Қазақстан құрамасын Ғалым Мәмбетәлиев жаттықтырса, капитандық міндет қорғаушы Максим Семеновқа тапсырылды. Ал қақпаға Хенрик Карллсон тұрды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Екі тайм бойы командалар қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Үшінші таймда шабуылшы Дмитрий Гренцтің пасынан кейін қорғаушы Валерий Орехов 44-минутта алыстан қақпа бұрышын дәл көздеп, Қазақстан құрамасын алға шығарды. Көп ұзамай, 45-минутта қарымта шабуыл кезінде қақпашы Адам Ваимен жеке дара шыққан Евгений Рымарев (пасавторы Роман Старченко) мергендігімен көзге түсті. Іле-шала венгриялықтар тәртіп бұзып, қазақстандықтар сан басымдылығына ие болды. Қақпа алдындағы қарбалас сәтті ұтымды пайдаланған Е.Рымарев М.Семеновтің пасынан кейін 48-минутта есепті 3:0-ге жеткізді. Үш бірдей шайбаны жіберіп алғандықтан, жүйкесі сыр берген айдын иелері бұдан кейін де жиі тәртіп бұзды. Дегенмен одан нәтиже өзгерген жоқ.

Х.Карллсон Қазақстан құрамасынан бұл кездесуде  үздік ойыншы атанды.

Айта кетейік, Қазақстан мен Венгриядан басқа Будапеште Ұлыбритания, Италия, Польша және Словения құрамалары өнер көрсетуде. Қазақстандықтар келесі кездесуін 24 сәуір күні Ұлыбритания хоккейшілерімен өткізеді. Бүгін британиялықтар словениялықтарды 3:1 есебімен тізе бүктірді. 28 сәуірде мәреге жететін турнирде бірінші және екінші орынды иеленген командалар элиталық дивизионға жолдама алады.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *