Бүгін қасиетті Миғраж түнінде не істеу керек?

Бүгін қасиетті Миғраж түні!

Миғраж түні – Миғраж сапары хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. Миғраж, сенімді дерек көздеріне қарағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый – намазды әкелген еді. Пенде намаз оқыған сәтте бейне бір миғражға көтеріліп, Алланың құзырына барғандай әсерленеді.
Міне, ережеп айы осындай қасиетті түндерімен де құнды. Қасиетті күндер мен түндерден басқа күні жасалған әрбір игі іс, Құраннан оқыған әрбір әріптің сауабы жүз немесе мыңға дейін көбейсе, бұл қасиетті айлар мен түндерде тіпті еселенеді. Сондықтан, бұл айларда қолымыздан келгенше, Құран оқып, дұға жасап, кешірім тілеп, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, ораза ұстап, нәпіл намаз оқып, мүмкіндікті өткізіп алмауға тырысқанымыз абзал.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп бұйырады: «Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, бейбіт жүретін Алланың айы болып табылады. Кімде-кім жүрегімен сеніп және шын пейілмен маңыз беріп, Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Ұлы Алланың ризалығына бөленеді»; «Ережеп – Алланікі, Шағбан – менікі, Рамазан болса, үмбетімнің айы» (Дәйләми, Фирдаус ІІ, 275).

Сондықтан бүгінгі түнді құлшылықпен өткізген абзал. Ренжіскен туыстардан кешірім сұрап, Алладан рақым тілеу керек. Перзенттерімізге жақсылық пен жамандық туралы үйрету, бүгінгі түннің тариxын, несімен қасиетті екендігін түсіндіру үлкен сауап болады. Дәрет алып, Құран кітабын оқу тіпті үлкен сауапқа кенелдіретіні xақ.  Олай болса бүгінгі түнді игі амалдармен өткізейік!
Ұлы Раббымыз Ережеп айын мүбәрак етіп, қасиетті Шағбан және Рамазан айларына аман-есен жетуімізді нәсіп етсін!

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қалалық орталық мешіттің бас имамы

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *