Бүгінгі қазақ журналистикасының трагедиясы

Астанада қазақ интернетінде контент жасаушылардың ІІІ форумы өтті. Шара еліміздің мықты журналистері мен бетке ұстар блоргерлерінің, білікті IT-мамандарының басын қосқан алаңға айналды. Қазақ тілді интернетте сапалы контенттің аздығы, қазақстандықтардың басым бөлігінің ақпаратты орыс тілінде оқитындығы, көретіндігі — ащы шындық. Еліміздегі хайперлердің хайпты кей жағдайда дұрыс қолданбай, зардабын көріп жататындығы,  «Балапан» телеарнасынан басқа балаларға арналған сапалы контенттің, жедел сараптаманың жоқтығы, қазақ тілінде эксклюзивті мақалалардың аздығы да қазіргі өзекті мәселелердің қатарында. Дәстүрге айналған жиында осы және өзге де мәселелер еркін пікір алмасу форматында талқыланды. Спикер ретінде сөз алған белгілі саясаттушы Айдос Сарым қазақ тілді БАҚ жайлы тұщымды пікірлерімен бөлісті. Саясаттанушының ойынша, қазақ интернеті намыстан жаралған. Сондай-ақ, қазақ журналистикасының «трагедиясы» туралы сөз қозғады:   

«Қазақ сайттары намыстан жаралған. Бізде неге қазақ тілді сайт жоқ, біз кімнен кембіз дедік, abai.kz сайты дүниеге келді, неге википедия жоқ дедік, қазақ тілді википедия келді, бəрі намыспен келген нəрсе. Менің ойымша, бүгінгі қазақ журналистикасының трагедиясы — бір жағынан əлеуметтік функцияны атқару, яғни, қазақты құтқару, алып жүруге мəжбүр боламыз. Екіншіден, оны бизнеске айналдыру. Яғни, қазақ баспасөзі осындай дуализмнен жаралған».

Айдос Сарым қазақша интернетке мемлекеттік тапсырыстың пайдасы да зияны да бар екендігін тілге тиек етті. Журналистер қазақша контент арқылы ақша табудың амалын іздейді, яғни, «нанизм» бойынша жұмыс істейтіндігін айтты. Форумнан соң ол туралы Фейсбук парақшасында толығырақ жазыпты:

«НӘНизм мен нанизм. Қазақтілді интернет саласының басты проблемалары осы екі ұғым айналасында топтасқан.

НӘНизм — бір ғана тұлғаны дәріптеу үшін, соны ғана айтқызу үшін жасалып жатқан тіршілік пен саясат. Сайт иелеріне беріліп жатқан қаражат нақты саланы немесе бағытты ашып-тарату үшін берілмейді, бұл, шындаса, ақпараттық блок. Яғни, саяси лоялдылықты, тәуелділікті сатып алу.
Осыны сезген біраз пысықтар сайт жасайды, НӘНді, айналасын, әкім-сәкімді сынай бастайды. Ойбай-ойбай басталған соң, сайт иесі мемтапсырысқа ілігеді. Бұл нан табу жолы мен тәсілі. Яғни нанизм.
Бұл екі бағыт та оқырманды ескеріп отырған жоқ. Оқырман өресін, деңгейін арттыруды ойлап отырған жоқ. Басқаша айтсақ таза саяси-ақпараттық онанизм. Ұрпақ бермейтін қозғалыстар.
Бұның бәрі, айналып келгенде қоғамды өсірмейді. Қоғамды сол делсал, ергежейлі сатыда ұстап қалады. Медицина тілінде ергежейлілікті нанизм деп атайды. Демек НӘНизм де, нан табуға негізделген нанизм де қоғамды кемтар қылады. Нанизмге алып соғады»,- дейді қоғам қайраткері. 

Форумда сөз сөйлеген спикерлердің бəрі «сен тұр, мен атайын» мамандар, кіл мықтылар. Жыл сайынғы форум ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» РТРК» АҚ, ҚР-дағы АҚШ Елшілігі және Қазақстан Баспасөз клубының ұйымдастыруымен өтті. Мардымды мәселелерді қозғаған шара жайлы отандық журналистер әлеуметтік желілерде жарыса жазып жатыр. Солардың бірі, журналист Мұхтар Сеңгірбай биылғы форумның былтырғыдан анағұрлым мазмұнды болғандығын айтады: 

«Былтырғымен салыстырғанда бір-ақ жылдың ішінде қазақтілді форумның (демек жалпы қазақтілді журналистиканың) саны да, сапасы да өскен. Биылғы форум былтырғыдан анағұрлым жинақы, мазмұнды, конструктивті әрі жан-жақты болды. Интернеттің даму деңгейі, кәсіби мәселелер, саяси тақырыптар әр қырынан талқыланды. Осыған дейін қазақтілді форумдарда немесе үлкен орысша құрылтайлардың қазақшасессияларында бір қоңылтақсу, кемсіну сезімдері болатын. Тақырып аясы шектеулі, болса да “қазақ журналистикасы орыс журналистикасынан кем бе?” деген таптаурын әңгімеге кетіп қала беретін. Былтыр дәл осы жерде өткен форумда да ой қайталау, бірнеше тақырып арасында айналсоқтау, өкпе-реніш көбірек болды. Кей сессиялар “жайылыңқырап” кеткен. Өз басым алғаш рет басым бөлігі қазақша өткен форумнан кәсіби тұрғыда керегімді алдым. Қысқасы, қазақтар қазақша кәсіби, мазмұнды, пайдалы форум өткізе алады».

Суреттер: kaztrk.kz сайтынан.

 

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *