Бүгінгі ұстаз қандай болуы керек?

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бекер айтылмаса керек. Сондай-ақ, дана Абай да «Адамның адамшылығы, ең алдымен, жақсы ұстаздан» деп жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, тәрбиелейтін, болашағын бажайлауға ықпал ететін мамандық иелерін құрметтеп, зор баға береді.

Әрине, қай заманда да ұстаздарға деген құрмет жоғары болған. Бола да береді. Бұл мамандық иелерін дәріптеп, атқарып жатқан ерен еңбектерін насихаттай беру де парыз болса керек. Ендеше, бүгінгі кейіпкеріміз де жоғарыда айтылған құрметке әбден лайық жан. 

«Тылсым табиғаттың адам баласына сыйлаған ең бір бағалы да құнды байлығы – тіл. Қасиетті қазақ тілі – өзінің мемлекеттік мәртебесін абыроймен атқарып, міндет жүгін қиналмай көтере алатын аса бай, оралымды, сұлу тіл.  Елбасымыздың «Ана тілін армансыз бойға сіңіріңіздер, өйткені бабаларымыздың ғұмыр тәжірибесі, дүниетанымы, мінез-құлқы, өзіндік болмыс-бітімі осы тілде қаттаулы жатыр» деген қанатты сөзі менің өмірлік ұстанымыма айналды десем де болады» дейді Атырау қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Қуандықова.

Ол 1977 жылы Гурьев, қазіргі Атырау қаласында дүниеге келген. Әкесі ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп, ұзақ жыл агроном болып жұмыс істеген, бүгінде құрметті еңбек демалысында. Ал анасы – ұлы мамандық иесі.

«Шеше көрген тон пішер» дегендей, кейіпкеріміздің ардақты мамандықты таңдауына ұзақ жыл ұстаз болған анасының себепкер болғаны сөзсіз, әрине. Оны өзі де айтады.

«Анам – ардагер ұстаз. Бастауыш сынып мұғалімі бола жүріп, бар ұстаздық болмысымен барша шәкірттеріне ғана емес, өз перзенттеріне де үлгі бола білген аяулы жан. Олай дейтін себебім, кішкентай күнімнен анама ұқсап мұғалім болуды армандайтынмын. Әпкем екеуміз анамыздың туфлиін киіп, қолымызға дәптер, кітап, журналдарды алып, сырланған қабырғаны тақта қылып, бормен жазып, сабақ беретінбіз. Міне, осы әрекеттеріміз үлкен арманға ұласты. Әпкем екеуміз де бүгінде ұстазбыз. Осылай қызығы да қиындығы мол мамандыққа бала кезімдегі арманым жетелеп әкелді десем болады» дейді Эльмира Қуандыққызы.

Бүгінде өзі қызмет істейтін гимназияны 1994 жылы бітіріп, Орал қаласындағы еліміздегі беделді жоғары оқу орындарының бірі – А.С.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық университетінің филология факультетінде  білім алады.

«Шындығында, мұғалімдер –  барлық  мамандық   иесін  оқытып, тәрбиелейтін абзал  жандар. «Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  деп  қалай  дәл  тауып  айтқан дейсің.

                             «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

                          Еңбегің мен ақылың екі жақтап…» деп ұлы Абай жырлағандай, жас кезімнен қажыр-қайрат кемесіне мініп, ұлттық гимназиядағы еңбекке араласқаныма қуанамын. Мектеп ұжымынан әрбір  ұстаздың бойында болатын төзімділік, сыпайылық, тазалық, адамгершілік, еңбексүйгіштік сияқты жақсы  қасиеттерді  бойыма  сіңірдім. Мен өзімнің  ұстаздарыммен қатар еңбек етіп, баланың бойына ақыл-білім дәнін сеуіп,  аялап, көңілін табуды, сүйе білуді үйрендім. Бүгінде ұлттық гимназиядағы педагогикалық еңбек өтілім – 19 жыл,  жоғары санатты мұғаліммін» дейді Эльмира Қуандыққызы.

Ұлттық гимназиядағы білім беру үдерісі жас ұрпақты ұлттық негізде адамгершілікке тәрбиелей отырып, бүгінгі өмір талабына сай  білімді, білікті, өзіндік ой-көзқарасын ашық айта алатын, өмірге бейім тұлға қалыптастыруды көздейді.

«Алдыма келіп отырған оқушыларды Елбасымыздың қолдауымен жүргізіліп жатқан білім бастамасының мақсаты бойынша еркін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуына өз үлесімді қосып жүрмін. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Жаңартылған білім жүйесі, міне, осы міндеттерге негізделеді. Бұл бағдарламаның ерекшелігі: білімнің спиральді қағидатпен берілуі, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық саласында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін мұғалімдер тынымсыз еңбектенуі керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастап жатырмыз» дейді ұстаз.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде оқушыларына тек сәттілікке жетуді үйретіп, «ұстаз – ұлы мамандықтың тарланы, жас дарынның жолын ашу – арманы»  деген ұстаныммен еңбек ететін ұстаз жаңартылған бағдарламамен жұмыс істеу барысында кейбір кедергілердің кездескенін жасырмайды.

«Алайда, мұны уақытша қиындықтар деп есептеймін, – дейді ол. – Ұстаныммен бірге әрекетіміз де өзгеріп, алдымыздағы оқушыларымызбен бірге мақсатымызға жете аламыз деген сенімдемін.

Қазақ тілін оқыту барысында шығармашылық іс-әрекет пен пәрменді ойлауды дамытып, саналы деңгейге көтеру – күрделі мәселе. Білімді жеке тұлғаға бағыттау, оқушының өзін-өзі тануы, өзін-өзі тәрбиелеуі, ақыл-ойын дамытуы, яғни жан-жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеу мұғалімдер алдына тың міндеттерді жүктеп, жаңашыл іс-әрекетке жетелейді. Бүгінгі қоғамда тек болашақ буынды ғана емес, жалпы адамзаттық құндылықтарға ие азаматтар буынын қалыптастыру, Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – аса маңызды да жауапты іс. Сондықтан оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім берумен шектеліп қана қоймай, оларды шығармашылыққа үйрету, өзіндік жұмыстарын мазмұнды да сауатты түрде жүргізу арқылы олардың логикалық ойын, дүниетанымын, сөз байлығын, сөйлеу мен жазу тілін әдеби нормада қалыптастыру көзделеді. Осы бағыттағы ізденіс жұмысыммен 2012 жылы  «Инновациялық-педагогикалық идеялар» жөніндегі  YII республикалық   фестиваліне  «Құрмалас сөйлемдерді оқытудың өзіндік формалары және оқушыларды шығармашылыққа баулу» тақырыбымен қатысып,  «Дарын» РҒПО-ның грамотасын иелендім».

Сондай-ақ кейіпкеріміз 2014 жылы облыстық «Ең үздік авторлық бағдарлама» сайысына да қатысып, жүлделі І орынды жеңіп алған. Ал дәл осындай республикалық байқаудан ІІ орынды иеленген. «Дарынды балалар-2014» облыстық форумына республикалық ғылыми жоба сайысынан І орынды жеңіп алған оқушысымен қатысып, облыс әкімінің арнайы сыйлығына ие болған.

«2015 жылы қараша айында «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Ғылым және өмір» атты ғылыми-теориялық ұстаздар конференциясына қатысып, ІІ орынды иелендім. Сонымен қатар 2016 жылы мамыр айында өткен облыстық «Әдістемелік қоржын» сайысынан жүлделі І орынды жеңіп алдым. «Қазақстанның Білім және ғылым әлемі» журналы ұйымдастырған «Білім керуен» бағдарламасының жеңімпазы атанып, «Үздік эссе» номинациясымен марапатталдым. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген «Үздік маман» Республикалық үздік білім беру мамандарының энциклопедиясына еніп, «Үздік маман» төсбелгісімен марапатталдым. «Қазақстан ұстаздары» қоғамының мүшесі ретінде республикалық педагогтар энциклопедиясы порталына тіркелдім. «Қазақстан ұстаздары» қоғамының мүшесі медалінің иегері атандым. 2016-2017 оқу жылында Қазақстан Педагогикалық ғылымдар Академиясының мүшесі болып сайландым. Ал ең үлкен жетістігім – «2017 жылдың үздік педагогі» атанғаным. Педагог кәсібінің мәртебесін арттыру мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын бұл конкурстың ұстаздарға жаңа серпін мен зор шабыт сыйлайтыны сөзсіз» дейді тәжірибелі ұстаз. 

Білікті маман жаңа заман талабы бойынша бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу маңызды деп есептейді. Сол себепті де, үнемі біліктілігін арттырып жүр.

«Педагогикалық қызметімде теориялық білімімді тәжірибемен ұштастырып, жан-жақты мүмкіндіктерімді ашу мақсатында «Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы» ҚР педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша Атырау қаласында білімімді жетілдірдім. Көңіл көкжиегім жаңашыл идеялармен толысып, курстан үйренгендерімді тәжірибеде жүзеге асырып, нәтижесін де көріп жатырмын. Дарынды оқушылардың шығармашылық қабілеттерін одан әрі дамытумен қатар, олардың өз идеяларын ұсына алу қабілетін, ойларын, пайымдауларын, зияткерлік деңгейі мен қиялының дамуы, ерекше нәрселерді іздеуі маңызды. Сондықтан мен өз тәжірибеме сүйене отырып: оқушылардың сыни ойлауын дамытудың сан жолдарын қарастыру үшін, өзіндік ерекше ойларын айтуы үшін, идеяларын көрсетуі үшін сабақтарда «интеллект-карта», «фишбоун» диаграммасы, «алты қалпақ» стратегиясы, «инсерт», «идеялар себеті», «жуан және жіңішке сұрақтар», т.б. тәсілдермен қатар, жоба жасау сияқты әрекеттерді ұйымдастыру арқылы, алған білімдерін сыныптан тыс жерде қолдана алуға, дұрыс тұжырым, пайым жасауға, өзін-өзі реттеу, метатану дағдыларын қалыптастыруға тырысамын.

Тынымсыз еңбек пен ізденістің нәтижесінде білім беру саласында тәжірибе жинақтаған маман ретінде өзім оқытып жүрген оқушыларымның пәнге деген қызығушылықтарын да, осы пән бойынша  жетістіктерін де көріп жүрмін. 7 сыныпқа оқуға түскен оқушылардың арасынан пәндік олимпиада, ғылыми ізденіс жұмыстары, шығармашылық бағыттағы түрлі сайыстарға қатысатын балаларды іріктеп алып, олармен үздіксіз жұмыс жасаймын. Оқушыларымның ізденуге, саналы түрде білім алуға ұмтылыстары жоғары деңгейде. Әрине, бұл да өзімнің пәніме деген шексіз махаббатымның жемісі.  «Қыран  түлегіне  қайтпас  қанат  сыйлайды, ұстаз  шәкіртіне  талмас талап сыйлайды» дегендей, егер де өмірде қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адамды өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттатсам – бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні болмақ» дейді Эльмира Қуандықова ағынан жарыла.

Бүгінде кейіпкеріміздің білім берген шәкірттері жоғары оқу орындарын бітіріп, мамандықтары бойынша Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Оқушыларының өмірде өз орындарын тауып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамуына үлестерін қосып жатқандығын мақтан ететін Элмира Қуандыққызы «мен үшін мектебім, сүйікті оқушыларым –қорғаным, ақылшым әрі серігім, мамандығым – мақтанышым!» дейді жымиып.

Айша БЕКҚЫЗЫ

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *