Бөлтірік шешеннің айтқандары

Бала – артта қалған ізің емес пе?

Бөлтіріктің қартайған шағында ақыл сұрай келген бір жас жігіт: — Ақ ата (Бөлтірікті жұрт осылай атаған), бақ кімге қонады? Бала ыстық па, байлық ыстық па? – дейді. Сонда Бөлтірік шешен: — Қарағым, байлық – қолға ұстаған мұзың емес пе, бақ – ол да ұшқан бір құсың емес пе, бала — артта калған ізің емес пе?! Бәрінен жолдас-жораңмен, ағайын-туысыңмен, ел-жұртыңмен сіз-біз деп өмір сүргенге не жетсін. Осыларға жүрегің жылы болса, қайғың — құл, қуанышың — от! – дейді.

Ұры-қары деген екі ат қалыпты

— Іргелес ауылдың малын ұрлаудай-ақ ұрлаймын-ау, бірақ иелері із қуалап келіп, бәрін айдап әкетеді. «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» мен ұрламасам да, мал жоғалтқандар маған келе береді. Менде еш нәрсе қалмады ғой, – деп мұң-сырын ашыпты бір ұры Бөлтірікке. Бөлтірік шешен: — Сенде әлі де талай-талай нәрсе қалған екен… – дейді. Аң-таң болған ұры: — Ол не нәрсе, менде ешкімнің малы қалған жоқ еді ғой, — дейді. Сонда Бөлтірік шешен: — Сенде «ұры-қары» деген екі атақ қалыпты, — деген екен.

Аппақ сақал қараңғыда айдай боп көрінеді

Бөлтірік ауылының бір кісісі ұрлыққа түсуін қартайғанша қоймапты. Ұрлық болғанда біреудің ұсақ-түйек бұйымын жымқырып кете береді екен. Бір күні түнделетіп көрші ауылдағы тойдан қайтып келе жатса, әлгі шал ұшырай кетеді. Оны танып қалған Бөлтірік: — Түнделетіп неғып жүрсің? — десе, анау: — Жәй, әшейін Бөлтеке, — деп қипақтайды. — Арқалап алғаның не? — Қауын, дарбыз еді. — Оны қайдан алдың? — Мына ауылдың қауыны пісіп жатыр екен, содан ала салдым. — Ұрлап алғаныңыз жарамайды ғой, ақсақал. — Қараңғы түнде кім көреді дейсіз. — Аппақ сақал қараңғы түнде айдай көрінеді. — Қап, мына сөзің өңменімнен өтті-ау, енді қойдым, қойдым! — депті шымбайына батқан шал. Сол-сол екен, әлгі ақсақал ұрлық қылуын пышақ кескендей қойып кетіпті деседі ел.

Жарық дүниеге жалаңаш келген болатын …

Ауылдың төрт түлігі түгел өскен дәулетті адамы дүние салады. — Бұ кісі жалғанды жалпағынан басып-ақ еді, міне, енді дүниеден бір кебінмен кетіп барады, — дейді көп ішінен біреу. — Аз дүниемен кетіп бара жатқан жоқ, — дейді сонда Бөлтірік шешен. – Бұ кісі жарық дүниеге жалаңаш келген болатын.

«Үшеуміз»

Бөлтіріктің өзімен тұстас бір туысы оған кездесіп қалғанда мынадай әңгіме айтады: — Түн ортасында бір атты адам үй тұсына келіп, «кім бар-ау, құдайы қонақпыз» деді. Нешеусің деп едім, «үшеуміз» деді. Үшеу болсаң басқа үйге барып қон, үйім тарлау дедім. Кетіп қалды. Кім болды екен деп артынан қарасам, бір-ақ адам екен. Сонда Бөлтеке, оның «үшеуміз» дегені несі? Бөлтірік ойланбастан: — Ей, құрдасым-ай, — депті. — Ол адамның үшеуміз дегені — өзін, атын, тазысын айтқаны ғой, өзіме бір тостақ ас, атыма бір бау шөп, итіме бір сүйек болса жетеді, дегені еді, бекер қондырмағансың, «қонақ ақысы жолдан» дегенді білмеуші ме ең? – депті. 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *