«Бір хабарсыз қинайды кеткендігің…»

Бір хабарсыз қинайды кеткендігің,

Сезім жылап алса екен кектен бұрын…

«Жек көрем!» мен «Сүйем!» деу – екі дүние,

Қойылғаны болмаса леп белгінің.

Түсіндірем барлығын арға қалай,

Маған қазір жаза алмай қалған оңай.

Талай кешкен тамаша сәттің бәрі,

Бәрі жалған болды ма, сонда қалай?

Өзге жанды лайық деп таныса бақ,

Күрсінем тек. Бары сол. Бәрі сол-ақ…

Сені де, өзімді жек көрдім мен,

Бүкіл адам біткеннің қоры санап!

Үндемейін, сенің де сол күткенің,

«Біз – жүрегім екеуміз көндік…» дедім.

«Ұмытам» деу «ұнатам» деуден ауыр,

Ауырлығын сезсең ғой көп нүктенің.

 

Авторы: Жадыра Байбұланова

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *