«Біз оны кейде өте кеш түсінеміз!»

Саяхаттауға жаны құмар, жоғары білім ордасын тәмамдаған, болашаққа нық қадам жасаған өршіл қарағандылық Нияз Сүндетәлиевтің тағдыры бір-ақ сәтте тас-талқан болды. Осыдан алты жыл бұрын жас жігіт 4 қабаттың терезесінен құлап, қатарластары сынды жаңа белестерді бағындырар шағында, мүгедектер арбасына таңылды.

Жап-жас жігіттің бақытсыз жағдайға тап болғандығына қапаланған достары  түрлі акциялар мен флешмобтар ұйымдастырып, қаржы жинастыруды қолға алды. Мыңдаған отандастарымыз Нияздың қайғысына ортақтасып, оны жылы сөздермен ғана емес, еміне ақшалай жарналар аударумен де қолдау көрсетті. Жеке есебінде қайырымды жандар аударған 5 миллион 584 мың 504 теңге қаражат жиналғанда, Нияз өз әрекетімен дүйім жұртты таңқалдырды. Еміне жиналған барлық ақшаны Аружан Сайынның «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының есеп-шотына аударды.

Нияз Сүндетәлиев – бүгінгі күннің нағыз қаһарманды. Дертіне қарамастан, ол өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, қоғамның бөлігіне, мұқтаж жандардың тірегіне айналды. Бүгінгі таңда Нияз «Qamqor plus» атты мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Бұл қоғамдық бірлестік мүмкіндігі шектеулі жандардың еліміздің түрлі аймақтарында демалуына мүмкіндік беріп, саяхаттарды ұйымдастырумен айналысады. Сонымен қатар, Нияз ақпан айынан бері «Жас Отан» жастар қанатының орталық кеңесінің мүшесі.

Өмірменен күресуден тайынбайтын, ізгі ниетті, алтын жүректі жігіттің бастан өткергенін сұрастырып, алдарыңызға ұсынуды жөн көрдік.

  • Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

Әр адамның маңдайына жазылған өз тағдыры бар. Бірақ, өкінішке қарай, біз оны кейде өте кеш түсінеміз.

  • Балалық шағыңызда қандай кәсіп иесі болуды армандап едіңіз?

Бала кезімде әскери қызметкер болғым келген. Неге әскери десеңіз, анам әрқашан прокуратура қызметкерінің иық белгісін тағып жүргендіктен, мен үшін нағыз қалыптасқан тұлғаның көрнекі мысалына айналса керек. Мүмкін, мен иық белгі тағынған адам болғым келген болар…

—  Өзіңізді үш сөзбен сипаттап бере аламысыз?

Өз-өзіме сипаттама беру қиындау, дегенмен байқап көрейін. Мен күлімдеп жүретін, талапшыл, әрі шыдамсыз жігіт сияқтымын. Неліктен күлімдеп жүретін? Себебі, қамығудың еш қызығы жоқ. Неліктен талапшыл? Себебі, мен негізінен өзіме және мені қоршаған адамдарға үлкен талаптар қоямын. Неліктен шыдамсыз? Себебі, бірден барлығына қол жеткізгім келеді, ал ол бірден болуы мүмкін емес. 

— Кімдерден шабыт аласыз? Өміріңізді түбегейлі өзгерткен адам болды ма?

Мен өз өмірін идея үшін, иә болмаса ерлік үшін құрбан етуге дайын адамдардан шабыттанамын. Мен үшін үлгі болған да, өмірімді түбегейлі өзгерткен де – анам. Ол әрдайым маған ықпал етіп, дұрыс жолды нұсқайтын кеңесшім де, қамқоршым да, ең жақын досым да болатын. Барлық естуім тиіс сөздерді айтып, жігерлендіретін.

— Жақындарыңыз сіздің жаңа бастамаларыңызға қолдау көрсете ме?

Әрине. Жақындарым қасымнан табылмағанда, бүгін мен де сіздердің араларыңызда болмауым мүмкін еді.

— Жадыңызда сақталған ең жылы естелікпен бөлісе аламысыз?

Негізгі естеліктер шалғайдағы балалық шағымдағы сәттерге оралатын сынды. Бірінші қыркүйекте барлығымыз бірігіп, мектепке барғанымыз есімде. Бұл 1996 жыл болатын. Жарық, жайма шуақты күн. Алтынға боялған жапырақтар. Бақыттан басым айналған мен. Алайда, бұл шақта мені мүлдем өзге өмір күтіп тұрғаның елестетпеп те едім…

— Сұрағым үшін кешірім өтінемін, алайда оқырмандар үшін қызық болып тұр. Қалайша осындай жағдайға тап болдыңыз? Сол оқиға жайлы айтып өтсеңіз.

Бұл оқиға 2012 жылдың маусым айында басымнан өтті. Үй ыстық болғандықтан, терезені ашпақ болдым. Кенеттен, шынтағым абайсызда тайып кетті. Бір секундта ғана екі шыныны басып сындырыппын. Құлап бара жатқанымды түсініп те үлгермедім. Нәтижесінде бесінші мойын омыртқама зақым келіп, сал болып қалдым.

— Осындай қиын шақта достарыңыз қасыңыздан табылды ма? Көп адамды жоғалтқан боларсыз?

Құлағанға дейін де, кейін де достарымның саны өте көп болды. Тек сол қайғылы оқиғадан соң достарымның бір бөлігі қасымнан табылып, одан әрі жақындай түсті, ал қалғандары алшақтап кетті. Өмірімдегі ең қиын сәттердің бірі болғандықтан, айту қиынға түсіп тұр. Бірақ, достарым менің өмірімде маңызды  рөл ойнады және ойнап та келеді. Бұл үшін мен оларға разымын.

— Кедергілерді жеңу үшін бойыңыздан қалайша күш-қайрат табасыз?

Білесіздер ме, өмірім осымен аяқталды деп қол қусырып отыру – өте оңай, әрі пайдасыз шаруа. Менің ойымша, бізге жіберілген кез келген сынақ, ең алдымен, өзімізді жеңу үшін жіберілді. Бұл жағдайды бастан өткере алатындындығыңды, қиындық пен ауыртпалықтарға, қорқынышқа қарамастан, өз-өзіңе адам ретінде қаылптасқаныңды дәлелдеу үшін қандай кедергілерден болмасын тайсалмай өтуің қажет. Адам мүмкіндіктерінің шегі жоқ қой. Таңертең ұйқыдан тұрған шақта өз өмірімді өзгерту үшін бірдеңе жасау керек екенін түсінемін. Сондықтан, бойымнан күш табуға тура келеді.

— Бірнеше жыл бұрын сіздің еміңізге 5,5 миллион жиналғаны белгілі. Осыншама ірі қаражатты қайырымдылық қорына аударуға не түрткі болды?

Ауырған кезде өмірлік жағдайына ауыртпалық түскен адамдардың ауыруы мен уайымын жіті түсінесің. Дәл сол сәтте, ақша менің жеке шотымдағы ғана емес, арқамдағы ауыр жүктей сезілді. Шыны керек, ақша деген – үлкен  жауапкершілік. Ал қамқор жандар мен достарым бірлесе жинаған қаражат – кәдімгі жауапкершіліктен үш есе үлкен.  Бұл ақшаның жақын арада өзімді емдеуге қажет еместігіне көзім жеткен соң,  оны жамбастың астына басып отыру адамгершіліктен ерсі қылық деп санадым. Сондықтан, мен бұл ақшаны ем қабылдауға зәру балаларға көмек ретінде Аружан Сайынның қайырымдылық қорына аудардым.

Сіз нақты кімге көмек көрсеткеніңіз жайлы білемісіз?

Ақшаны Аружан Сайынның қорына аударғандықтан, кімді, қашан, қалайша, қай жерде емдеу керектігін қордың өзі шешті. Белгілі бір балаларды таңдауға менің ақылақтық құқығым жоқ, бұл дұрыс деп есептеймін. «Мейірімділік» қорында бұл ақша кім үшін қажет, әрі маңызды екендігін менен гөрі жақсы біледі.

  • «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаты атанбағаныңызға ұнжырғаңыз түсті ме?

Күн сайын келіп түскен мыңдаған қолдау сөздер, кез келген марапаттарды, соның ішінде «Алтын Жүрек» сыйлығын да көлеңкесінде қалдырды. Мен үшін бәрінен де сол қымбатырақ.

Денсаулығыңыз қалай? Арнайы емдеу курстарынан өтіп жүрсіз бе?

Өкінішке қарай, ешбір жерде жұлынды қалпына келтіру әдістемесі жоқ. Сол себепті, бүгінгі күні күту позициясын ұстанып отырмын. Жалпы әлемдік медицинаның дамуын күтемін. Жақын арада жаңа әдістеме ойлап табылатындығына шын ықыласпен сенім артамын. Әзірге тек ине салу терапиялары мен массажбен шектелемін.

  • Сіздің ойыңызша Қарағанды қаласының құрылысы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы ма?

Бейімделмеген деу жалған болар еді, бірақ шетелдегідей жақсы жағдай жасалып, толық қолайлы деу де қателік. Сондықтан  пайыз қатынасында 40% — иә, 60% — жоқ деп айта аламын.

Бұл жағдайды түзету үшін қандай шаралар қабылдаған жөн?

Мүгедектігі бар адамдар кейінірек өздері барып тұратын, пайдалана алатын мекемелердің жоспарлауына араласып қана қоймай, құрылысы мен сынап көруіне қатыса алатын бағдарлама керек деп есептеймін. Олар жұмысты әрқилы кезеңдер бойынша бақылап, әрі қадағалап отыруға мүмкіндік алар еді.

Ал жерасты өтпе жолдары жайлы не айта аласыз?

Бұл менің жанды тұсым. Екі жылдан бері осы мәселемен айналысып келеміз. Бүгінгі таңда нақты жауап жоқ. Кезінде Қарағанды қаласының билігі 3 жерасты өтпе жолдарын жеке меншік ретінде жеке табыстаған. Сонда да, биліктің қолында жеке меншік иелеріне әсер ете алатын барлық тетіктер бар: сотқа жүгініп, жерасты өтпе жолдарын бейімдеуге міндеттей алады. Бұл мәселе жақын арада шешімін табады деп үміттенемін. Әзірге, өз тарапымнан қолымнан келгенді аянбай, бұл мәселенің шешілуі үшін белгілі бір күш-қайратымды жұмсаудамын.

— Өзіңізді жайнақы адам деп есептеймісіз?

Кей сәттерде көңіл-қошым болмай, жабырқап, барлық әлеуметтік желіге кірмеуге тырысамын. Бірақ, мұңайа беру қызықсыз ғой. Сол себепті, күлімдеу үшін қайткенде де бойымнан ерік-жігер іздеп табамын. Менің пікірімше, күлкі – әлемді құтқаратын ең мықты құрал!

-Бос уақытыңызда немен әуестенесіз?

Бір кездері менің айналамдағы өте ақылды жандардың бірі көкейіңде жатқан ойларды жазып отыр деп таптырмас кеңес берді. Сол сәтте ойларымды күні-түні баяндап отыратын адам жанымнан табылмағандықтан ба,  жақындарыма өз ойларымен салмақ салғым келмегендіктен бе, бұл кеңеске бірден құлақ астым. Солайша ғаламторда өз ойларымды жаза бастадым. Міне, төрт жылдан астам уақыт бойы өмірімде болып жатқан елеулі оқиғалар туралы жазып келемін. 

Сүйіп оқитын кітабыңыз бар ма?

Қайталап оқып тұратын бірқатар кітаптарым бар. Олар уақыт өте келе, даналықтың нәр бұлағынан сусындап, құнарлана түсетіндігін байқаймын. Қарапайым мысал ретінде Антуан де-Сент Экзюперидің «Кішкентай ханзада» кітабын қарастырайын. Бұл менің ең сүйікті кітаптарымның бірі. Балалық шағымда оқығанымды басқаша, ал қазір оқығанымды мүлдем өзгеше қабылдаймын. Қартайған шағымда бұл кітап мен үшін қазіргіден де қызықты болатын жақсы философиялық трактат десем қателеспесім айқын.

-Ең асыл арманыңыз қандай?

Зақым алғанға дейінгі денсаулығымды толықтай қалыпқа келтіргім келеді. Содан соң, алыс саяхатқа кетсем деймін. Ыстық емес, жылы мелекетке… Бәлкім, теңіздің жағасына жақын болса…

-Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға қандай кеңес бере аласыз?

Бойыңыздан күш тауып, ең алдымен, басыңызға тап болған күрделі мәселенің де шешімі бар екендігін, оны шеше алатындығыңызды өз-өзіңізге дәлелдеу қажет. Одан кейін, түбі бір жақсылық болатындығынан үміт үзбеңіз!         

               

Cұхбатты жүргізген Дана АЛИЕВА

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *