ҰБТ-ға байланысты заңбұзушылықтарды байқасаңыз, министрлікке хабарлаңыз

ҚР БҒМ түлектер мен ата-аналардан ҰБТ-ға байланысты заңбұзушылықтарды байқаған жағдайда министрлікке хабарлауын сұрады, — деп хабарлайды Studentmedia.kz. 

Бүгін — Ұлттық бірыңғай тестілеуінің бірінші күні. Алғашқы лекте 13 мың түлек білімдерін сынап жатыр. Осыған орай ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне барып, тест тапсырып жатқан түлектерге сәттілік тіледі. 

«Республика бойынша бүгін жалпы 13 мың бала ҰБТ тапсырып жатыр. Бұл — бірінші лек. Жалпы 9 күн тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз.  ҰБТ-ны барлығы 117 242 түлек тапсырады. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында осы университке 600 бала келіп отыр. Дәл осы жерде. Біз сәттілік тіледік. Балаларымыз қобалжымай, жақсы тапсырады деген үміттеміз», — деді министр.

Биыл тестілеу 169 ҰБТ өткізу пунктерінде өткізіледі. Сынаққа қатысуға өтініш білдіргендердің жалпы саны – 117 242, оның ішінде осы жылы мектеп бітірушілер саны 96 380-ді құрайды (өткен жылғы мектеп бітірушілер саны — 20 862).

Министрлік ҰБТ тапсыру кезіндегі кез-келген бұзушылықтарды, оның ішінде жақсы нәтижелер алу үшін үшінші тұлғалардың қызмет көрсетуін болдырмау бойынша нақты қадамдар қабылдап жатыр. Мұндай іс-әрекеттер ҰБТ-ның объективтілігіне сенімді азайтады. ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарламасында:

«Біз барлық түлектер мен ата-аналардан мұндай жағдайларда бей-жай қарап қалмауды сұраймыз. Егерде Сіздерге «дұрыс жауаптар кодын» сатып алуды ұсынса, тестілеу кезінде көшіріп алудың куәгері болсаңыз немесе тестілеу кезінде бөтен адамдардың жүргенін көрсеңіз, +7 (7172) 69-50-87 телефонына хабарласуды немесе @edu.gov.kz_bot Telegram-ботына хат жазуды сұраймыз»,-делінген. 

Сондай-ақ, министрлік өз тарапынан ақпараттың конфиденциалды болуына кепілдік беретіндігін айтады. 

Халықтың туындаған сұрақтарын жедел қарау, сонымен қатар, тестілеудің айқындылығын жақсарту мақсатында тәулік бойы 8-800-080-7177 Call-орталығы жұмыс істейді.

ҰБТ-2019 нәтижелерін @edu.gov.kz_bot Telegram-боты көмегімен, mail.kz сайтынан және Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтынан – testcenter.kz білуге болады. Ол үшін әрбір тестіленушіге берілетін ТЖК (тестіленушінің жеке кодын) енгізу қажет.

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *