Діни экстремизм мен терроризм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп!

Бүкіл мақтау мадақтау Әлемдердің Раббысы болған Алла  Тағалаға тән. Алла Тағаланың сүйікті елшісі, адамзаттың ардақтысы, соңғы пайғамбары  Мұхаммедке (ﷺ)  Алланың сәлемі және мейірімі  болсын!

Қазақстан Республикасы әрбiр адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады. Елімізде тұрып жатқан азаматтар діни сеніміне қарамастан тең құқылы. Мемлекетіміздегі барша азаматтар Қазақстан халқының  рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және дiни төзiмдiлiктi және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтейді.

Ислам діні татулық мен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер. Көршімен-көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды. Ағайын-туысты татуластыру да үлкен сауапты амал. Сәһл ибн Сағдтан (р.а.) жеткен хадисте Құба тұрғындары төбелесіп қалып, тіпті бір-біріне тас лақтырған. Бұл туралы Алла елшісіне (ﷺ) айтылғанда, ол сахабаларына: «Жүріңдер, оларды татуластырайық», — деген (Бұхари). Бұл хадис кез-келген дау үстіндегі адамдарды бір-бірімен ортақ тіл табыстыруға күш жұмсаудың қажеттігін меңзейді. Сондықтан, жастар арасында, қоғамдық орындарда, мешіттерде шу шығармай, бейбіт келісіммен жол табу қажет. Тура жолда жүргенді адастырмай, ақылмен әрекет етуге шақырамыз. «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» делінеді «Бақара» сүресінің 191-аятында. Дүние рахаты үшін баланы ата-анадан, ананың перзенттен айыру үлкен күнә! Дүниенің құлы емес, Алланың құлы екенімізді әсте естен шығармағанымыз абзал.

Елімізде бүгінгі таңда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бейбітшілік пен тұрақтылықы ұстап, елдің бірлігін сақтап отырған халқымыздың арасына жат ағымдар кіріп іріткі салып жатқанын айту қажет. Керағар діни ағымдардың әсіресе жастардың санасын улап жатқаны біздің қоғам үшін үлкен қатер. Сондықтан да ҚМДБ соңғы жылдарда бірнеше жат ағымдарды анықтап, олардың құйтырқы саясатын жүзеге асыруына заң жүзінде тосқауыл қойды. Алла Тағала Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», («Әли Имран» сүресі, 103-аят)  — деген. Біздер Қазақстанның азаматы ретінде бірігіп, ұжымдаса, ауызбіршілікте өмір сүруіміз қажет. Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген жақсы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді. 2017 жылғы  31 қаңтарда мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында дін тақырыбына жеке тоқталған. Онда діни экстремизмнің алдын алу үшін ғаламторды, соның ішінде әртүрлі элеуметтік желілерді дұрыс пайдалану қажеттілігін нұсқаған. Осы орайда, қала тұрғындарына техниканың жақсы дамыған ХХІ ғасырда әлеуметтік ортаны өз пайдамызға асыруға шақырамыз. Яғни, желілерде жұмыс жасағанда уақытты тиімді өткізу үшін қандай сайтқа кіріп, олардың қайсысынан ақпарат алуға болатынына аса ден қойған жөн. ҚМДБ республикамыздың барша облыстарында арнайы сайттар ашып қойған. Қарағанды облысының сайты ihsan.kz деп аталады. Сондай-ақ, muftyat.kz, azan.kz, muslim.kz секілді сайттар бар. Осылардың барлығын ҚМДБ әрдайым бақылауда ұстайды. Сайт беттерінен діни жазбалар, пайғамбарлар өмірі, тәлім-тәрбиеге қатысты уағыздар мен бейнелерді көруге болады. Көңілде жүрген сауалдарға жауап алғысы келген бауырламыз мешітте жұмыс істейтін имамдарға жүгінгені дұрыс. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, Пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар», — делінеді («Ниса», сүресі, 59-аят).

Барша мұсылман бауырларды, соның ішінде жастарды дін тұрғысынан туындаған мәселерге қатысты асығыс шешім қабылдамауға кеңес беріледі. Бөтен немесе басқа да таныс кісіден қандай да ақпарат алған жағдайда, сол мәселе жайында мешіт имамдарымен ақылдасқан жөн. Әле де Қазақстанның ішкі тұрақтылығын бұзғысы келген кейбір ұйымдар жасырын түрде топтар ашып, халықтың дінін, ділін бұзуға әрекет етіп жүр. Жат ағымдардің мүддесін көздейтін азаматтар діннен хабары жоқ немесе діни сауаты төмен адамдардың ой санасын улайды. Көпшілік жинала қоймайтын жерлерге барып, жасырын жұмыс істейді. Дәл қазіргі таңда сақтанатын ең үлкен топ өздерін «сәләфи» деп атап жүрген ұйымдасқан топ. Уахабилер қазір «сәләфи», мадхали», «сурури», «тәкфиршілер», « жиһадшылар» леген көптеген тармақтарға бөлінген.біз жастардың барлығын осындай топтардың мүшелерімен тым жақын араласпауға шақырамыз. Елде діни ахуалды шүйліктіріп, қазақты-қазақпен, мұсылманды-мұсылманмен ұрыстырып, шағыстыру арқылы Ислам дініне зиянын тигізіп бағуда. Сондықтан да, діни экстремизмнің алдын алу, ел тыныштығын сақтау — бүгінгі жастардың, еліміздің әрбір азаматының тікелей борышы саналады!

Еліміз тыныш, берекелі болғай. Алла Тағала барша амалдарымыздың сауабынан беріп, тілек-дұғаларымызды қабыл еткей!

  Жақияқажы ИСМАИЛОВ

 «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы

Астана қ.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *