Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ға жаңа басшы келді

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры ауысты, деп хабарлайды Studentmedia.kz порталы. Жаңашылдық туралы Қарағанды облыс әкімдігі ресми сайтында жариялады. 

Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ға ректор ретінде Азамат Едірісов тағайындалды. Облыс әкімі Ерлан Қошанов жаңа басшыны ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамына ресми түрде таныстырды. Ал, еңбек жолын 35 жыл бұрын ҚарМУ қабырғасында бастаған заң ғылымдарының докторы Көбеев Еркін Қинаятұлына ұзақ әрі адал қызметі үшін Құрмет грамотасын табыстады. Профессор университетке 15 жыл бойы жетекшілік еткен. 

Жаңа басшы, Қарағандының тумасы ҚарМУ-дың физика факультетін бітірген. Ол да қызметін өзі басшылыққа келген қара шаңырақта бастаған. Азамат Тіржанұлы Мәскеудегі Карпов атындағы физикалық-химия ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітіріп келіп, 1993 жылдан бастап Органикалық синтез және көмірсутегі институтында жетекші инженер және атқарушы ғылыми қызметкер лауазымдарында жұмыс істеді. 
2006-2014 жылдары Қарағандыдағы Қазақстан-Ресей университетінің Бірінші проректоры болды. 2006 жылы химия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғады. 2010 жылы профессор атағын алған. 2012 жылы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі болып сайланды.  2015 жылдан бүгінгі күнге дейін Назарбаев университетінде күн энергетикасы лабораториясын басқарып келді. Азамат Едірісов – жарияланған 70 астам ғылыми еңбектердің, екі монография мен бір оқу әдістемесінің авторы.

Жаңа қызметке ректорларды таңдау бойынша Республикалық конкурсқа 5 үміткер қатысты. Солардың ішінен комиссияның таңдауы 53 жасар Азамат Едірісовке түскен. 

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті – еліміздің ең көне және ірі университтерінің бірі. Қара шаңырақта мамандарды 12 факультетте даярлайды, 12 мыңнан астам студенттер, магистранттар мен докторанттар оқиды.

Суреттер: karaganda-region.gov.kz сайтынан.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *