Элегия

Авторы: Алмас Темірбай
Хабарлассам ~ телефон да алмайсың,

Не бір ауыз хат та жаза салмайсың.
Сүйесің ғой, сен де әлі сүйесің,
Сүймеймін деп неге өзіңді алдайсың?!

Келмей-ақ қой, көрмей-ақ сен мені,
Ашу басқың… татуласқың келмеді?!
Жек көрсең де, жақсы көре беретін,
Соңғы ғашық мен шығармын жердегі?!

Сенің әрбір сөзің, ісің, қылығың,
Бәрі ~ есімде… құлағымда тұр үнің.
Көз алдымнан өтіп жатыр дәл қазір,
Кинолента секілді бар ғұмырым…

Сенсіз ғұмыр ~ жүрегі жоқ құр кеуде,
Құр көлеңке ~ сүйретілген сүлдем де.
Жұбатар да, жылатар да ~ Өзіңсің,
Жалғыз жатқан айсыз қара түндерде.

Барлығы біз ойлағандай болмады, ә?!
Бақыт құсы түспейді екен торға да!
Суреттер мен смс-тер баяғы,
Естелік боп қалар, бәлкім, сол ғана…

Мейлі, мені есіңе алма, ойлама,
Өз бағыңды өзің енді байлама!
…Әңгіме айтып ауыртпайын басыңды,
«Сағынды-ы-ым!» деп айтқым келген жай ғана.

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *