Еліміздің үздік педагогтары марапатталды!

Ұстаздар күнінің қарсаңында Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен 2 қазан күні елімізідң үздік педагогтарына арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, сенаторлар Дариға Назарбаева, Бырғаным Айтымова, әйгілі боксшы Серік Сапиев, облыстық білім басқармаларының басшылары және еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұстаздар қатысты.

Ұстаздарды кәсіби мерекелерімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев құттықтап: «Сауаттылық адам мен қоғамның жалпы мәдениетінің негізі, әлеуметтік прогрестің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Ұстаз кішкене адамның – өз елінің патриоты, болашағы, оқушымыздың – білім, таным жолындағы маңызды буыны, себебі ол білім әлеміне жол көрсетеді», — деді.

Педагогтердің қоғамдағы мәртебесін және беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін тарату мақсатында 2012 жылдан бастап жыл сайын республикалық «Үздік педагог» конкурсы өткізілуде.

Жеті жыл ішінде конкурсқа 31 420 мұғалім қатысты, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 368 мұғалімі жеңімпаз атанып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақысымен «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері болып танылды.

Биыл райондық және қалалық турларға 3 864, облыстық турларға 710 педагог қатысты, ол өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. «2018 жылдың үздік педагогі» атағын тағайындау бойынша Республикалық комиссияның қарауына 147 құжат, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім саласы педагогтерінен 109 құжат, техникалық және кәсіптік білім саласынан 38 құжат келіп түсті.

Соның ішінде 64 педагог жеңімпаз атанды — 48 орта мектеп мұғалімі, 16 колледж оқытушысы.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында «2018 жылдың үздік педагогі» төс белгісі, куәлік, сондай-ақ, 2 405 000 сомасында сыйақы табыс етілді.

Салтанатты іс-шара жас мұғалімдер мен директорлардың орындауындағы жаңа ұстаздар гимнімен аяқталды.

 

Маржан АМАНГЕЛДИЕВА

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *