Спортшы оқушылар дене тәрбиесінен босатылады

      

        Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім саласындағы жаңашылдықтармен бөлісті. Жиын барысында министр осы уақытқа дейін ата-аналарды толғандырып келген мәселелердің шешіліп жатқандығын айтты. Оның ішінде, мектеп қабырғасында оқып жүріп, спортпен айналысатын оқушылардың дене тәрбиесінен босатылуы жайлы ұсыныс елеусіз қалмады. Енді аптасына 3 сағат спорттық жаттығуларға баратын оқушылар дене тәрбиесінен босатылып, ол уақытта өзге пәндерден қосымша сабақ алуына болады.  Ол үшін ата-анасы спорттық үйірмеге баратынын растайтын құжатты өткізіп, сабақтан босату туралы өтініш жазуы керек. Ал, шешімді мектептің педагогикалық кеңесі қабылдайды.

       «Ал, бұл балалар не істейді?» деген сұрақты жиі қоямын. Қазір академиялық бостандықтың арқасында мектептер бос уақыты бар мұғалімдерге арнайы сабақтар бөліп беріп жатыр. Онда балалар мұғаліммен жеке жұмыс істеп, өткізіп алған сабақтарын оқи алады. Себебі, спортшылар жарыстарға жиі шығатындықтан, олар оқу бағдарламасынан қалып қояды деген пікір қалыптасқан. Көптеген мектептер оқушыларға осындай мүмкіндіктерді қарастырған.  Сондықтан, оқушылардың мұғаліммен жұмыс істеп, сыныптастарына жетіп алуы үшін дене тәрбиесінен босатқымыз келеді»,- дейді министр.

          Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жаңа оқу жылынан бастап дене тәрбиесі пәнінің үшінші сағаты болмайды деген қауөсет бар. Алайда, Білім және ғылым министрі бұл сөзді жоққа шығарып, ондай шешімнің қабылданбайтындығын мәлімдеді.  

 

                                      Аяжан Мадибекова

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *