Ене мен келін

 Баяғыда ит пен мысықтай арбасқан ене мен келін бір үйде тұрады екен. Бір-бірін көргенде кірпідей жиырылып, түрпідей тиіседі екен. Келіннің берген асы мен сөйлеген сөзін былай қойғанда отырып-тұрғаны да кемпірдің жүйкесіне әбден тиіп болыпты. Отырса – опақ, тұрса – сопақ. Қысқасы, кең дүние тарының қауызындай тарылып, қажаса-қажаса екеуі де титықтап, тығырыққа тіреліпті. Күндердің күнінде құлағының құртын терген енесінен жауыр аттай қажыған келіннің ойына жамандық түсіпті. Күншілік жердегі елге танымал бір емшіге барып, кемпірден көрген қорлығын көз жасын сарқып отырып айтып, кемпірді өлтіретін дәрі жасап беруін өтініпті.
Көпті көрген қарт емші келіншекке бір құты дәрі жасап беріпті де, мынадай кеңес айтыпты: «Бірден өліп қалса бала-шағасы, туыс-туғандары сенен көрері анық. Сондықтан, бұл дәріні күнде аздап беріп отырасың. Үш ай өткенде кемпірдің шаруасы бітеді. Қатаң ескертер бір жайт – ол кісіге бұрынғыдай сөз қайтарма, не десе де «сіздікі жөн» дей бер. Дәрінің өнімі сонда жақсы болады, ашуланса дәрінің қуаты әлсірей береді. Енді онсыз да үш ай ғана ғұмыры қалды ғой» – дейді. Келіншек үйге келіп, емшінің айтқанын айнытпай істеуге кіріседі. Алғашында біраз қиналады. Кемпірдің ерні қыбырлай бастаса, келіннің де тілі жыбырлай бастайды. Көкірегінен лап етіп көтерілген қызыл жалын жұтқыншағына келгенде, емшінің айтқан сөзі есіне түсіп, қылғынып тұрып қалады. «Сөйлеп қал қақбас, үш ай ғана ғұмырың қалды ғой» деп іштен тынады. Солай да солай апта өтеді, ай өтеді. Кемпір болса аң-таң. Баяғыдай арсылдап тұрған келін жоқ, «әй, әкел ананы… тарт мынаны!» деп қолды бір сілтесе болғаны, келін байғұс жерге салмақ түсірмей желеді.Қимылы да, сөзі де мамықтай. «Міне, апа… тағы не керек?.. Айтқаныңыз болсын…» деп қиылып тұрғаны. Сөйтіп жүріп өзі де сөз қайтармағанға үйреніп, бұрынғыдай емес бойы кеңіп қалғандай күй кешеді. Енді кемпір отырып ап ал ойлансын. «Мына сорлыға неге ұрса берем? Сонша не жазып еді?..» деп, өзін кінәлай бастайды. Дауысы бәсеңдеп, сөзі де жұмсара бастайды. Бұрынғы әдетінше қатқыл бастап қалған кей сөздерінің аяғын міңгірлеп өзі бәсейтеді.
Бір күні кемпір келінін еркелете шақырып алады да, аузында өмірбақи баданадай қара құлып тұратын сандығын ақтарып: «Мынау білезік, мынау жүзік…, бәрі сенікі, мен оны көрге алып кетеді ғой дейсің бе, тағып ал, көркейіп жүр қарғам…» деп, елжірейді.
Міне қызық, енесінің қылығына көңілі бордай босап қоя берген келіншек ауызғы бөлмеге атып шығып, қос білегін тізесіне қойып отыра кетеді. «Қайран енем-ай, өлеріңді білгенің бе, бұл не еткенің, қадіріңді ғұмырыңның соңында бірақ білдім-ау… бір-ақ ай қалғанда, бір-ақ ай…» деп бетін басып ағыл-тегіл жылайды. Содан кейін өкпесін қолына алып, өткендегі емшіге жүгіреді. Өзінің оңбай қателескенін айтып: «әлгі ішіртікіңіздің күшін қайтарып, енемді аман қалып қалатын дәрі жасап беріңізші…» деп, жылап-еңіреп, етегіне оралады.Тартысы мол өмірде талай көйлек тоздырған әлгі емші келіншікті шынтағынан сүйеп орындыққа отырғызып қойып, былай дейді: «Мен берген дәрі кәдімгі су болатын, адамға ешқандай зияны жоқ, менің мақсатым орындалды, енең Алланың берген жасын жасайды, әзір өлмейді, бара ғой…» депті. Есі шыға қуанған келіншек бал-бұл жанып үйіне қарай асығыпты.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *