Хоккейден олимпиада ойындарының финалистері белгілі болды

Олимпиада ойындарында хоккейден алғашқы финалға шыққан құрама белгілі болды. Ресейдің олимпиалық атлеттері жартылай финалдық бәсекеде Чехия құрамасын 3:0 есебімен тізе бүкірді. Алғашқы кезең екі команданың алма кезек шабуылдарымен өткенімен, бір-бірінің қақпаларынан саңылау таба алмады. Екінші кезең екі команда үшін шешуші болды. Себебі дәл осы кезеңде жанкүйерлер екі бірдей шайбаның куәсі болды. Алдымен Никита Гусев есеп ашты.

Соғылған шайбадан кейін Чехия құрамасы алға ұмтылды. Бірақ ресейлік атлеттердің тас қамал қорғанысын бұза алмады. Тек шабуылмен жүрген чехтар қорғанысын ұмытып, қақпаларына екінші шайбаны жіберіп алды. «СКА» хоккей клубының шабуылшысы Владислав Гавриков есепті еселеді.

Бұдан кейін солтүстік көршілеріміз ойынды тек қорғаныста өткізумен болды. Үшінші кезең барысында Павел Франсоуз әріптестері есеп айырмасын қысқартуға тырысқанымен, Олег Знарок шәкірттері басымдықты бермеді. Ойын аяқталар сәтте Илья Ковальчук бос тұрған қақпаға үшінші шайбаны салып, ойындағы нүктені қойды.

Осылайша, Ресейдің олимпиалық атлеттері араға 20 жыл салып, финалға жолдама алды.

Ал екінші жартылай финалдық ойында, көпшілік күтпеген жағдай орын алды. Германия құрамасы сенсация иесі атанды. Олимпиаданың басты фавортиі саналатын Канада құрамасының алдын орап кетті. Есеп 4:3. Алғашқы кезеңнің өзінде еуропалықтар есепте алда болды. Ойынның 6 минутында Брукс Матцек сан басымдығын пайдаланып, есеп ашты.

Канадалықтар салған жерден алға ұмытылып, есепті теңестіруге тырысты. Бірақ Германия құрамасының тас қамал қорғанысын бұза алмады. Екінші кезеңде сенімді шыққан Германия құрамасы тағы екі шайба соғып, үйеңкі жапырақты елдің өкілдерін есеңгіретіп тастады. Алдымен Маттиас Плахта есепті еселесе, кейіннен Франк Мауер басымдықты еселеп есепті 3:0 ге жеткізді.

Хоккей отанының өкілдері құрамасы бұған Жильбер Брюленің соққан шайбасымен жауап берді. Канада құрамасы сан басымдылғын сәәті пайдаланып кетті.  

Бірақ канадалық жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. Өз ойынын таба білген неміс хоккейшілері кезекті рет қарсылас қақпасынан саңылау тауып, есепті 4:1-ге жеткізді. Бұдан кейін бұл кезеңде қос ұжым да бір-бірінің қорғанынын бұза алмады.

Кездесудің тағдыры шешілген 3-ші кезеңде Канадалықтар таразы басын теңестіруге жақын болды. Сәт сайын шабуылдар ұйымдастырып, Германия қақпасына шайбаларды қарша боратты. Екі мәрте шабуылдардарынан нәтиже шығара алған үйеңкі жапырақ елінің хоккейшілері есепті теңестіруге жақын болғанымен, соңғы сәтте мүлт кетіп жатты. Кездесудің аяқталуына 1-минут қалғанда тәуекелге бел буған Канада құрамасының бас бапкері қақпашыны 6-шы ойыншыға алмастырғанымен бұдан нәтиже шықпады.

Енді финалдық ойында Германия — Ресейдің олимпиялық құрамасымен алтын жүлдені сарапқа салады. Ал канадалықтар болса кіші финалда Чехия Республикасының құрамасымен кездеседі.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *