Күйеуіңізді қызғанасыз ба?

Отбасылық өмірде, жалпы адам өмірінде болсын шектен тыс қызғану рухани дерт болып саналады. Негізі, шектен шыққан қызғаныштың атқаратын функциясы — адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты бұзу. Қызғаныштың тағы бір атқаратын функциясы — адам бойында басқа да жағымсыз мінез-құлықтың пайда болуына түрткі болады. Мысалы, қызғанушы адам көре алмайтын адамын бірте-бірте жек көре бастайды. Яғни, ол адамда қызғанумен қатар жеккөрушілік пайда болады. Ақыр аяғы онымен бір дастарханда отыра алмайтын деңгейге жетеді. Енді біреулер көре алмау себепті қылмысқа да барып жатады.

Отбасында да ерлі-зайыпты адамдардың бір-бірін шамадан тыс қызғануы көптеген проблеманың (жанжал, ұрыс-керіс, өзара сенімсіздік, т.с.с.) туындауына себеп болады. Осыған абай болған жөн, себебі жоғарыда айтқанымыздай, қызғаныш өз шегінен шығатын болса, иесін де, өзгені де іштей құртып бітеді.

Мына мәселені де ескергеніміз жөн. Қызғаныш — адам табиғатында бар мінез. Ол әйелде де, еркекте де бар. Қызғаныш өз орнымен болған жағдайда мақтауға лайықты, тек шектен шығармай қадағалай білу керек.

Психолог мамандардың айтуынша, отбасылық өмірде ер мен әйелдің қызғануы бірдей емес.

1. Әйелдің қызғануы: Әйел адамның күйеуін қызғануы көбінесе өзіне бұрынғыдай көңіл бөлінбеген кезде, жылулық болмаған кезде басталады. Соның салдарынан әйел адам әртүрлі жаман ойға беріліп, ақыр аяғы қызғанышқа барып ұрынады.

2. Ер адамның қызғанышы: Ер адамның қызғанышы қолынан ойыншығын тартып алған баланың қызғанышы секілді, яғни ер адамда «тек қана менікі» деген психология басым болады. Сол себепті әйелі рұқсатсыз үйден шығып кетсе немесе бөтен еркекпен сөйлесіп тұрғанын көрсе, бірден қызғаныш оянады. Осыны ескере отырып шариғатымыз отбасылық өмірде әйелдің басты міндеті ретінде еріне бағынуды бекіткен. Ерінің рұқсатынсыз үйінен шығуға, бөтен еркекпен сөйлесуіне тыйым салған. Яғни, шариғатымыз ер адамның «тек қана менікі» деген психологиясымен санасады.

Пайғамбарымыз қызғанышты екіге бөліп көрсеткен:

1. Аллаға ұнайтын қызғаныштың түрі

Яғни, әйелі еріне теріс ой қалыптастыратын, күмән туғызатын әрекет жасаған жағдайда, ерінің қызғануы — ұнамды іс. Мысалы, бөтен еркекпен қалжыңдасып, күлісіп, т.б. қарым-қатынастағы арақашықтықты сақтамай жатса, онда ері қызғаныш танытып, әлгіндей әрекеттің бұрыстығын ескертуі тиіс.

2. Аллаға ұнамайтын қызғаныш түрі

Түймедейді түйедей көріп, еш себепсіз әйелінің, не ерінің әрбір әрекетіне күмәнданып қызғануы — құпталмайтын әрекет. Мұндай қызғаныштың пайда келтіргеннен гөрі зияны басым болып жатады. Жақындатқаннан гөрі алыстата түседі.

Ендеше, алдымен қызғаныш тудыратын факторларды анықтап алып, олардың бірсыпырасын жарыңызбен ақылдаса отырып, жойып отырсаңыз, бойыңызда сенімділік пайда болады, кеудеңізді шарпыған қызғаныш отын да біраз тежейсіз.

Абдулла ибн Жағфар тұрмысқа шыққалы жатқан қызына: «Орынсыз қызғаныштан сақтан, себебі ол — талаққа, яғни ажырасуға жол ашады. Күйеуіңнің кемшілігін бетіне басып кінәлама, жеккөрінішті боласың», — деп өсиет айтқан.

Мына екі нәрседен барынша сақ болыңыз!

Бірінші: Күйеуіңіздің алдында бөтен әйел жайында әңгіме қозғамаңыз. Себебі бұл нәрсе күйеуіңізді сол әйел жайындағы қиялға жетелеуі мүмкін, нәтижеде таяқтың бір ұшы өзіңізге келіп тиеді.

Екінші: Күйеуіңізді еш уақытта басқа біреумен салыстыра көрмеңіз.  Халыққа танымал адам болса да оған деген таңданысыңызды күйеуіңіздің алдында білдірмеңіз.  Әсіресе, күйеуіңізге «Анау бәленшеге ұқсауға тырыспайсың ба?» деп айтудан қашыңыз.

Әйел адам егер қызғанышы жаман ойларға итермелеп жүрсе, сол жаман ойға беріліп өзін іштен кеміре бермей, байыппен осы мәселені күйеуімен ашық сөйлесіп алғаны дұрыс. Сөйлесу барысында дауыс көтеру, ұрыс-керіс атымен болмауы тиіс.

 islam.kz

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *