Көш пен кеш. Көшпен кеш.

Авторы: Бауыржан ЕРМАН

Өмір көші.
Аялдама.
Сан түрлі көңіл хошы.
Бар әлемді ендірген құшағына 
Бұл фәнидің қомақай қоңыр қосы.

Таң атады.
Күн күлімдеп, нұрланар дала тағы.
Ертегідей, осынша керемет қып
Құдай бәрін қалайша жаратады?!

Сәске келер.
Алаң еске түспейді әсте нелер?
Кейбір жанның жүрегі мұзға айналып,
Кейде жібісіп жатады тас денелер.

Күн төбеде.
Атақтыға айып тақ, «құн төле» де,
Пысқырып та қарамас «кім екен» деп.
Билік тимей, байланар шын төре де.

Түс ауады.
Лаулатар арам ойлы кісі араны,
Мүжиді жұрт тірліктің жіліктерін
Шырқалады шаттықтың құсалы әні.

Айна бесін.
Маңдайыңа қағады сайлап есім.
Мақұлыққа айтыңдар ақиқатты!
Зарлап, «Ұлы кешірім қайда?» десін.

Екінді шақ.
«Құрт» дегеннен торығай етіңді сақ.
Өз өзіңді бағудан басқа амал жоқ,
Әрлеп қояр тарамдар бетіңді ұсақ.

Ақшам батар.
Тығылып кеп, ұрпағың шақшаңды атар.
Көргеніңмен не пайда харам қызық
Бет көріспей бір жерде ақшаң жатар.

Ағытылдым,
Аруларын қуалап тағы түннің.
Шүу-шүуледім, төрт өрім қамшы салып
Шалқұйрығын мініп ап шабытымның.

Өмір көші,
Сау адамның кенеттен сөгілді есі.
Өмір деген сағаттың тілдеріндей
Уақыттың уағдалы көңілдесі.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *