Күткені оның көктем бе?!

Авторы: Ерік НАРЫН

Жылулық күттім бекер көп,
Сәуірде тағы қар жауды.
Көктемім қайда екен деп,
Әйнекке көзім арбаулы.

Аязға батпай қарыған,
Келгісі келмей жүр ме екен?!
Күре жолдардың маңынан,
Қарасын қарап күнде өтем.

Күтеді сосын бір әжей,
Жаулығын басып кеудеге.
Күн-ұзақ жолда тұрады, ей,
Жұбатпайды екен ел неге?

Күткені оның көктем бе,
Ұлы ма әлде жоғалған?
Түсінде көрген өткенде,
Түсінде үйге оралған.

Әйнектен қырау кеткенмен,
Әжеймен бірге қар қалды.
Келер деп ұлым көктеммен,
Әйнекке көзі арбаулы.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *