Əке қазір, керек сенің ақылың

Авторы: Бек Жылқыбаев

Жіберген-ді, қиындығы бір қысқан,
Шыдай, шыдай шықтық Əке бұл қыстан.
Қанша жыл-ау…
Кеткеніңе сенбедім,
Күтіп жүрмін, 
Келетіндей жұмыстан.
Күні батып,
Болса дағы, кеш тіптен,
Əке, жайлап, 
Кіріп келші, есіктен.
Иіскеп мені, күліп қарап көзіме,
Деші маған: 
— Автобусым кешіккен.
Балам-ау сен уайымдама, егілме,
Алға ұмтыл, артқа қарай шегінбе!
Сосын сұра, білгеніңді, сезгенді:
— Келін қайда? 
Үйленейін дедің бе?
Мен айтайын, баяндайын ақырын,
Кім алысым, кімдер бүгін жақыным.
— Қыстан шықтық, 
Бірақ əлі суықтау,
Əке қазір, керек сенің ақылың…

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *