Кекілді қыз

Авторы: Жасқанат ЖҰМАН

Кекілді қыз…
Сен екеуміз шын ғашық секілдіміз.
Бір тағдырда кешеміз егіз ғұмыр,
Бір жүрекке орнатып екі үнді біз.

Әдемі қыз…
Менікінен бөлектеу әлеміңіз.
Екі бақтың жемісін татып жүрміз,
Бір сезімде бүр жарған жан еміміз.

Меңі бар қыз…
Күн кешемін сүйердей сені жалғыз.
Бұл сезімнің жолында бір болғанмен
Ұлы өмірдің жолында кереғармыз!

Ұялшақ қыз…
Кездесуді тұрамыз жиі аңсап біз.
Бір өмірді бөлісу қиын болмас,
Бір жүрекке паналап сыя алсақ біз.

Сен Жібек қыз…
Кейіме көңіліме келді деп күз.
Қос ананың тусақ та құрсағынан,
Бір Алланың алдында бір жүрекпіз!

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *