Кие

Түн. Жұлдызға көмкерілген аспан астында Шалқар ақсақал тағы да телескобына үңілуде. …Е, басқа не істесін?! Ауылдан шалғай орналасқан ескі қыстауда тұрады. Әйелі Гүлім жарықтық жақсы кісі еді. Көптен күткен нәрестесін дүниеге әкелместен, өмірден ерте озды. Жалғыз сүйеніші, көңілін аударатын ермегі – орталықтан арнайы алғызған осы телескобы еді. Жерден таппаған бақытын, көктен іздегендей, аспан әлемінен көз алмай ұзақ қарайтын. Қарап отырып өткен мен кеткенді ұмытуға, есіне алмауға тырысады. Бірақ өткен іс оңай ұмытылмақ емес. Ойлаған сайын ой қоршауына қамалып, өзін ақтайтын иненің жасуындай да себеп таба алмайды. Ақталайын деп те тырыспайды, бірақ жаны жай таппай, тынысы тарылады.
Бүгін тағы да таң атқанша көз іле алмады. Өткен өмірі өзегін өртеп, бейне бір көрген түстей сырғып өтті.
…… Ол кезде жас еді. Аңшылықты жанына кәсіп етіп, серілік құрып жүрген кезі. Даланың аң-құсының барлығы Шалқар ақсақалдың өзіне тиесілі болғандай ұшқан құс, қашқан аңды құр жібермейтін. Әйелі Гүлім сұлулығына ақылы сай жан еді. Ол күйеуінің бұл ісін іштей құптамайтын. Бірақ бетіне батып айта да алмайтын. Әйтсе де кезі келгенде әрбір аң мен құстың киесі болатынын әңгіме арасында тілге тиек ететін. Сонда құлағына сіңе берсін дегені екені ғой. Әттең, кеш түсінді. Отасқандарына біраз болса да, құрсағына бала бітпей жүргенін де осы жағдаймен байланыстыратын. Күйеуінің қас-қабағына қарайтын Гүлім оны ашып айта да алмайтын. Арасында бес жыл өткеннен кейін көптен күткен қуанышты күн де келіп жетті. Әдеттегідей Шалқар аңнан келгенде, әйелі оны бар ықыласымен қарсы алды. Жарының төбесі көкке екі елі жетпей тұрғанын көрген Шалқар айтпаса да бір қуанышты хабардың боларын іштей сезіп тұрды. Бұл аңшы Шалқардың өміріндегі ең бір қуанышты сәт еді. Осыдан бастап Гүлім әр нәрсені сылтаурап, Шалқарды аңға жібермеуге тырысатын. Жастайынан аң аулап, құс атуды серік еткен Шалқар ондайда үйге сыйып отыра алмаушы еді. Амалын тауып, үйден сытылып шығуға тырысады. Сөйтіп жүргенде Гүлімнің айы-күні жетіп, босанатын күні де тақап қалды. Сол күні Шалқар күндегісінен ерте тұрып, көптен бері көңілінде жүрген ойын жүзеге асырғысы келді. Онысы іште жатқан ізбасарының қалжасы ретінде арқардың құлжасын атып әкелмек еді. Құдайдың бұйрығына амал бар ма, осы күні кейіннен өмір бойы өкіндіретін оқиғаға душар болды. Мүйізі шаңырақтай құлжасы бастаған бір топ арқар сандалтпай аңшыға аз уақытта кезікті. Осы уақытқа дейін мүлт кетпеген Шалқар бір сәтте қолының дірілін сезген еді. Иә, сол діріл қапы қалдырды. Қап…, әттеген-ай, бағытталған оқ құлжаның дәл қасындағы арқарға барып қадалған екен. Жақындап барғанда арқардың буаз екенін көріп, көкірегі қарс айрылды. Дірілдеп, жанын қия алмай тыпыршып жатқан арқарды бауыздамасқа лажы болмады. Қарнын жарып, ішіндегі қозысын көргенде, меңіреу күй кешіп, жан – дүниесі құлазып сала берді.
Неге екенін қайдам, ауылға қарай аяғы баспады. Өз ойымен өзі арпалысып келе жатып, үйге қалай жетіп қалғанын да сезбеді. Ойын күдік мазалайды. Үй алдында қаз-қатар тізілген көліктер де Шалқардың күдігін одан сайын үдете түсті. Алдынан тоқтау айтып шыққан хабаршылардың да сөздерін құлаққа ілместен, үйге қарай ентеледі. Жан-жағыларды елеместен, әйелі жатқан төргі бөлмеге қарай ұмтылды. Ақ кебінге оранған әйелінің денесін көргенде манағы өзі мерт еткен аналық арқардың аянышты бейнесі көз алдында сап ете қалды. Сол сәтте үстінен әлдебіреу мұздай суық су құйып жібергендей қалшиып тұрып қалды. Қайғы жанын жеп, өкініш өзегін өртеді. Гүлім мен дүние есігін ашпаған сәбидің өліміне өзін іштей кінәлап, табиғаттың тылсым күшін кеш түсінгеніне қатты налыды. Сол қарғыс атқан күннен бастап, шыбынға да кесірін тигізбеуге ант етті. Бүгін де оның түн ұйқысын бұзған осы жаман түстей болған қасіретке толы көрініс еді.
Сырттан естілген қатты дауыс мең-зең күйде жатқан Шәкеңді селт еткізді. Бұл келген ауыл әкімі Әзімхан еді. Әзімхан сырттан дауыстай кірді:
— Шәке, Шәке, бармысың?
— Ее, сенбісің? Таң атпай неге суыт жүрсің, тыныштық па? –деп басын көтерді.
— Тыныштық, тыныштық… Сізден көмек сұрай келдім. Ерте келгеніме айып етпеңіз.
— Ештеңе етпес. Бізден ұйқы қашқалы қашан? Иә, не бұйымтаймен келдің?
— Қаладан ауылға жаңадан табиғатты қорғау инспекторы келіп еді. Бұл ауылда тумаған соң, дәл сіздей қуыс-қуыстың бәрін біле бермейді. Соған жөн сілтеп, қол ұшын берсеңіз….
— Иә, әрине. Табиғатты қорғау — менің парызым.
Осы сөзді айтқанда, қарттың көңілі шерге, көзі жасқа толды.

Жұман ЖАСҚАНАТ

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *