Әлемнің ең мықты 16 боксшысы Астана төрінде айқаcады

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жартылай ауыр (WBA super) және бірінші ауыр (WBA) салмақ дәрежесінде әлем чемпионы Бейбіт Шүменовпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Бейбіт Шүменов министрге әлемнің ең мықты 16 кәсіби боксшысы, олардың қатарында Катар Мемлекеті корольдік отбасының мүшесі шейхы Фахад Бин Халид Аль-Танидың қатысуымен бокс кешін өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Оған Катар әмірі Тамим бин Хамад Аль-Тани келеді. Бокс кешінің басты қаһарманы — Бейбіт Шүменов. Кешті атақты Майкл Баффер жүргізуі ықтимал. Шараға аттары аңызға айналған боксшылар  Роберто Дюран, Дэвид Хэй, Хорхе Линарес, Хасим Рахман, Заб Джуда, Эвандер Холифилд, UFC спортшылары Хабиб Нурмагомедов және Зубайра Тухугов, сонымен қатар, Дүнижүзілік бокс қауымдастығының басшылығы келеді деп күтілуде. Сондай-ақ, кездесу барысында Астанада WBA (Дүниежүзілік бокс қауымдастығы) директорлар кеңесінің жиналысын өткізуге басты назар аударылды. Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанада осындай ауқымды шараны өткізудің маңыздылығын атап өтіп, елімізде бокстың бүгінгіден де қарқынды дамуына сеп болатынын айтты. Сонымен қатар, министрліктің аталған жиынды Астанада өткізу үшін бар жағдайды жасайтынын жеткізді.   Өз кезегінде, Бейбіт Шүменов Арыстанбек Мұхамедиұлына елімізде кәсіби бокстың дамуына жасап жатқан қолдауы үшін алғыс білдірді.  «Бүгін, біз өте маңызды кездесу өткіздік. WBA басшылығы біздің промоутерлік компаниямызға аталған жиынды Астананың 20-жылдығын мерекелеу аясында өткізу бойынша ниетін білдірді. Менің ойымша, Астана бокс әлемінде қордаланып қалған мәселелерді шешуде бас қосатын таптырмас алаң болмақ. Бұл шара Қазақстанның кәсіби боксын дамыту үшін түрткі болады деп есептеймін. Сонымен қатар, жастардың салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығын оятады деп білемін», — деді Шүменов. Айта кетерлігі, WBA директорлар кеңесінің жиналысы мен бокс кеші шілденің басына жоспарланып отыр. Оған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі мен ҚР Кәсіби бокс федерациясы қолдау білдіреді.

inform.kz сайтынан

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *