«Мөлдірліктен туады екен асқақ үн»

Бір тілерім:
Жүрегіңдей таза болсын аспаның,
Бір білерім:
Мөлдірліктен туады екен асқақ үн!
Зұлымдықтан тазартам деп жер шарын,
Жүрегімнен бастадым,- деп мөлдірлігінен туған асқақ үнімен қаншама жүректерді жаулап, қазақ поэзиясына өз арнасын, өз жолын салған жас қаламгер Ерік Сейсенұлымен жүргізген еркін сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Қарақаралы ауданының тумасы Нарынов Ерік Сейсенұлы 1997 жылы дүниеге келген.

— Ақындық өмірге қай кезде қадам бастыңыз?
-Өмірде өз жолын табу бар.Мен сол жолды 17 жасымда таптым. Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетінің студенті атанып, өзіме шын мәнінде не керек екенін түсіндім. Оған дейін мәнерлеп оқудан түрлі байқауларға қатысып жүрдім. Спортпен айналыстым. Өнер, әдебиет жолын таңдаймын деп мүлде ойлаған емеспін. Алғаш жазған өлеңдеріме қызыға қарайтынмын. Міне, солай ақындық ғұмырым басталды.

-Өлеңдеріңіздің барлығы өміріңізден алынған ба?
-Өмірден алынатын өлең болады, көңілден алынатын өлең болады. Бастысы, өлеңнің тағдыры болуы керек.Өлең — адам көңілінің айнасы, жүректің түпкірінде не жатыр соның барлығын өлең сыртқа алып шығып жеткізеді. Аспаннан алынып, құрастырылып ештеңе жазылған жоқ, көңілдің түпкірінде не жатыр сол қағазға түсті.

-Жас ақындарға қандай қолдау қажет деп ойлайсыз?
-Жас ақындарды мақтауды қою керек. Жас ақындарға оқудың, ақындық жолда ізденудің маңызы қандай екенін жақсылап жеткізіп, жол көрсету керек. Ақындық деген қара плащ киіп, шашыңды қайырып алып, бір бұрышта аузыңа темекіні қыстырып, бір аптада жеті өлең жазып, қасқайып жүру емес. Ақындық — үлкен ауыр жол. Жастардың өлеңдерінің газет-журнал, сайттарға басылуын қамтамасыз ету қажет. Жарыққа шыққан өлеңдер ақынға одан әрі дамуына, өсуіне септігін тигізеді. Сын да айтылуы қажет. Менің қатарымдағы ақындарға сын керек, «сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді сынмен, қолдаумен осы буынды қалыптастырып шығу керек. Сын арқылы, қолдау арқылы, жөн сілтеу арқылы әрі қарай алып кету үшін облыстың, екіншіден, жалпы Қазақстан үшін жалпы әдебиет әлемі үшін бір буынды қалыптастыруға үлкен еңбек керек.

-Бар жоғы білінбей жазу бұл өте аз адамның қолынан келеді.
Көп ақындар публиканы жақсы көреді дегенге не айтасыз?
— Иә, публиканы жақсы көретіндер де бар. Ол ақынның ойлау шеңберінде публикаға шоу жасау, өзіне қаратқысы келу бірінші орында тұрады. Әлеуметтік желіге салған бір өлеңі көп лайк жинаса, сол тақырыптың төңірегінен шықпай жазатындардың бар екенін көріп, естіп жүрмін. Публиканы жасамай қоюға да болмайды. Өлеңді дүниеге әкелдің бе, оны міндетті түрде жариялауың қажет. Өлеңнің өмір сүруге хақы бар. Өлең тек сенің жаныңда жүрмей, өз өмірін сүруі қажет. Сенен шыққан өлеңнің елдің жүрегінде өмір сүруге хақы бар. Бар-жоғы білінбей жазу деген болмайды. Оны жария ету арқылы елдің сынын, қолдауын естіп әрі қарай өсе бересің. Публиканы жақсы көрген де дұрыс шығар, өлеңді оқырманның деңгейіне түсіріп қажет емес. Және өлеңді лайк үшін жазуға болмайды. Шын жүрекпен жазу керек, жариялау керек.

-Сіз ақынсыз өзгелер сіздің өлеңдеріңізден өзін тауып жатады.
Ал сіз қай ақынның өлеңдерінен өзіңізді көресіз?
-Есенғали Раушановтан. Көзі тірі классиктерден қатты мойындайтыным осы кісі. Кейде адамзатқа өкпелейтін кезім болады, кек алғың келеді, аласұрып дауыл болып тұрасың, сол кезде өзімді Серік Ақұңқарұлынан табамын. Ұлықбек Есдәулет пен Жұматайдың жырларынан өзімді көрем. Көбіне жан дүниеме жақыны Есенғали Раушановтың өлеңдері.

-Өлең жазғанда қандай күйде боласыз?

-Өлең жазбас бұрын шама келгенше ән тыңдағанды жақсы көремін.Есениннің дауысын естігім келіп тұрады. Өлең жазған кезде бір орында отырмаймын. Өзімнің аядай ғана жазу бөлмем бар, сол жерді айналшықтап, бұрышқа, төсекке, терезе алдына бір отырып жазамын.

-Ұнататын түсіңіз?
-Қоңыр түс.

-Үстіңізге киген киіміңіздің түсі өлең жазуыңызға әсер ететін сәттер бола ма?
— Жоқ, өлеңімнің жазылуына киімімнің түсі әсер еткен емес. Өзім киімдеріме қатты мән беремін. Көбіне қара түс киемін. Киім де өлең сияқты деп ойлаймын, көбісі бір уақытта ғана өмір сүретін өлең жазады. Ол бір мезгілдің модасына айналған өлең сияқты. Ал қара түс кез келген уақыттың модасы. Ол ещқашан жоғалмайды, ұмытылмайды. Ешқандай уақытқа, кезеңге бағынбайтын қара түсті киімдерді кигім келеді.

-Ұнататын адамыңыз бар ма?
-Бар.

«Қолжетпеген Ләйләлар түседі еске
Бір көңілді дүние жазар едік…
Сүйген адамыңа қолың жетпей қояды екен». Кейде осы құбылыс ақындардың тағдыры ма деп ойлаймын. Былай қарап отырсаң жаныңда жүрген адам, сөз салуға болады, сөйлесуге болады қолынан ұстап ешқайда жібермей ұстап қалуға да болады. Бірақ бірдеңе ұстап тұрады. Тағдыр айналып келіп бір кедергісін жасайды. Ұнату деген жүрегің тірі деген сөз. Егер ғашық болуды қойсаң, ұнатуды қойсаң, жалпы сағынуды қойсаң — біткенің.
-Ер жігітке қандай мінез тән?
Ер жігітке сайран салу қажет, сөзіне жауап беру керек. Мінезді болуы керек. Мінезсіз ақын да жоқ, жігіт те жоқ. Жалпы жалғанда, қатыгез қоғамда жұтылып кетпес үшін, жалауыңды құлатпас үшін мінез керек.
-Жоспарыңызда жақын арада үйлену бар ма?
-Үйлену жоспарда бар. Жер бетінде жеті миллиардтан астам халық болса , соның бәрінде жоспар бар. Кедейдің де «бай болсам» деген жоспары бар дегендей, көшедегі жүрген бір ақынның да «қазақтың бір туар ақыны болсам» деген жоспары бар, бірақ ол жоспар бола бермейді. Жоспарладым. Бастысы үйленуге ниет бар.
-Студенттер кімдер? Қазіргі студенттер жайлы қандай ойдасыз?
-Қазіргі студенттерге қарап таң қаламын. Менің ойымша студенттерде «Махаббат қызық мол жылдардағы» Ербол мен Меңтайдікіндей студенттік махаббат, студенттік жалын барлығы болуы керек. Студент — от пен суға қарамайтын, қай жерде қызық ,той-думан сол жерден де табылуы керек. Сабақ-сабағымен, мынадай сөз бар ғой, «хорошо учиться и быть умным две разные вещи» деген. Жатақхананың терезесі, есігі, бұрышы барлығы соларға тәуелді болуы керек! Ойна, күл, сайраңда. Менің бітіргеніме бір жыл толған жоқ, мен сол студенттік қызық күндерімді сағынамын. Біз шулаттық, айғайлаттық, кафелерде айғайлап өлең оқыдық. Жатақхананың терезесінен секірдік, күзетінен қаштық. Ұстаздарым да еркелетті, бетімнен қақпады. Поэзия кеші, концерт десем жіберетін. Қазір қанша қыдыруым, сайраңдауым бар, бірақ студенттік кездегідей емес.
-Қазір студенттердің барлығы дерлік жұмыс істейді. Осыған қалай қарайсыз? Олардың қара жұмысқа жегілуіне қоғам кінәлі ме ?
-Жұмыс істеген дұрыс, заманның аты заман қиыншылықтар жоқ емес, бар. Барлығы жақсы кезең ешқашан болған емес, студенттік өмір осымен қызықты. Бәріне бойдағы күш, қуат жетеді. Қарттық кезде бойда қуат бола ма, болмай ма білмейміз. Сондықтан қазір пайдалана білу керек.

-Өзіңіз қандай студент болдыңыз?
-Жоғарыда айтып өткендей еркеліктерім де болды. 18 жасымда ол кезде екінші курс студентімін, бүкіл облыстың иықтылары мен қалпақтылары жиналған үлкен кеш жасадым. Мен ол кезде тек студенттердің алдында өлең оқимын деп ойлаған едім. Шымылдықтың артынан басымды шығарып қарасам, алдыңғы қатарда қасқайып Серік Ақсұңқарұлы, Сейіл Аяған бүкіл қазақтың кіл қаймақтары отыр. Сол уақытарда ол кісілердің қолын алып амандаспақ түгілі, өмірде көрмеген едім. 18 жастағы бала, тізем дірілдеп қатты қобалжыдым. Сол кезде маған, жалпы әдебиетке қадам басқан жастарға қолдау көрсетуге әрқашан дайын, жанашыр ағам ,үлкен еңбекқор жазушы Алмас Мырзахмет келіп иығымнан құшақтап, қобалжыма деп күш берді. Сол кеште Серік Ақсұңқарұлының айтқан мына сөздері есімнен кетпейді: «Қызыларайдан мен тудым, менен кейін осы бала келе жатыр».
Бұл 18 жастағы бала үшін, ортаға енді сіңіп өлеңнің, поэзияның не екенін біліп, енді-енді қанат қағып келе жатқан кішкентай бүлдіршінге үлкен абырой. Соңғы екі жылым да сол ізбен кетті. Филология факультетінің оқытушылары өлеңді, ақындықты, шығармашылық адамды өте жақсы түсінетін. Мені де барынша түсініп, ыңғайыма қарай маған керек атмосфераны жасап берді. Ол кісілерге айтар алғысым шексіз.

-Өмірлік мақсат,мұратыңыз қандай? Болашағыңызды қалай елестетесіз?
-Болашағым — өлең. Өлеңнен басқа ештеңе істей алмаймын,өлеңнен басқа не істерімді білмеймін. Қайда қарасам да өлең. Құдай сақтасын, егер де Құдай менен бір күнде өлеңді алып қойса мен не істеймін? Онда барлығы бітті, өмірде ешқандай мақсат жоқ, арман жоқ .Өмірді арман-мақсатсыз сүру деген үлкен трагедия. Абай айтқандай ондай адам денесін сүйретіп жүрген боқтың қабы. Боқтың қабы болмас үшін алдыда арман, мақсат болуы керек. Ең бастысы адам сағыну керек. Сағынбаса сүймесе тас, мүсін.
-Неден қорқасыз?
-Менің өмірде қорқатын қауіптенетін дүнием — көз жасы, адамның көз жасы. Адамның көз жасы түгілі, адамның алдынан жай бір ала мысықтай жолын кесіп өтсең де, бір аптадан аспайды алдыңа қайтадан келеді. Соны ұғындым. Өмірімде ондай жағдайлардың орын алған кездері болды.Өтірік айтқан, бір адамды қапы қалдырған кездерім менің алдыма қайтып келіп отырды.Қайтып келгенде де үлкен соққысымен келді. Бір үміттеніп отырған нәрсем болмай қалады. Келеді-ау деп отырған адамым келмей қалады. Қосылам-ау деп отырған сүйгеніммен қосыла алмай қаламын. Өмір өз ісіме солай өз жауабын беріп отырды.Адам түгілі, хайуанның көз жасы жібермейтінін түсіндім. Өмір сүру үшін: біріншіден, сағыну керек, екіншіден, сағыну керек, үшіншіден, тағы да сағыну керек, төртіншіден, адамның көз жасына қалмау керек, бесіншіден, өз-өзіңмен болу керек, алтыншыден, арман-мақсатыңа сенуің керек, тізе берсең кете береді. Бастысы, жүректі өлтірмеу керек! Бір күні жүрек өле салады, өзің байқамайсың. Ол соғып тұрады, бірақ ол соғыс болмайды.

-Осы кезге дейін өмірден көрген-түйгендеріңізді қорытып оқырмандарға айтарыңыз бар ма? Өмірден не алдыңыз?

-Бір түсінгенім — ешкімге сенбеу керек, өзіңе ғана сену керек. Төсектен тұрған бетте өзіңнің санаң мен жүрегіңді қалыпқа келтіріп ал, сосын төсегіңді ретте. Кез келген соққыға, бұрылысқа дайын бол. Және жастық шақта ақшаның соңына түсіп қажет емес. Бір дәмханаға барып кофе іш, кофе үстінде жақын адамыңмен сырлас. Ақшаңды аяма. Туған топырағыңа барып, өзің өскен үйдің табалдырығында отырып, жусанын иіске, ағайынды құшақта, аралас, топырақтан ажырама. Естеліктерді ұмытпа, өткен өмірді ешқашан ұмытуға болмайды, ұмытқан күні адамдық қалпыңнан шығып жүрегіңнен айрыласың, өйткені жүрегіңді тірі ұстайтын өткен күндегі тәтті-тәтті ыстық естеліктер. Мен мысалы мүмкіндік берсе ауылыма апта сайын барар едім.
Бір адамдарды қатты сағынамын,сүйемін ертең қосыла алмай қалам-ау, көрмей кетсем не болам деп қорықпау керек. Есіңнен айырылып сүй! Түндерде ұйықтай алмайтындай сүй!
Сөзімнен іздеп дертінің емін, дәруін,
Көзімнен іздеп жоғалған күннің жарығын.
Түндерде ойлап, от болып жанып өлердей,
Мені де біреу сағынса деймін Тәңірім.
Сені сағынатындай өмір сүр. Бір адам жабықса, сырласқысы келсе, сені іздейтіндей, сенімен серуендегісі келетіндей, саған сенетіндей өмір сүру керек. Сөзіңде тұруың керек. Әдебиеттен ажырамай, оқу керек.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:Дияна Сағымбек

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *