«М. С. С.» — мектептегі махаббат

Бердібек Соқпақбаев: «Балалық шаққа саяхат», үзінді

Сары бастауда оқып жүріп жаттым.

Мұндағы бастауыш мектеп төрт класстық. Пионер ұйымы дегеннің шақ-шақ етеді. Сабақтан тыс уақытта ойын сауық үйірмесі. қабырға газетін шығару қол тимейді. Әйтеуір қалай болғанда да күнде кешке қарай мектепке жиналамыз, тым болмағанда әртүрлі ұлт ойындарын ойнап қайтамыз. Мектеп ол біздің әрі көңіл көтеруге баратын клубымыз тәрізді.

«Көзден кетсе, көңілден болады ұмыт» деп қазекем бекер айтпаса керек. Майра, менің Майрам енді ұмыт бола бастады. Көңілдің көбелегін магниттей тартатын басқа гүл табылды. Ол Күлән еді. Мен үшін енді дүниедегі ең сұлу, ең сүйкімді қыз осы Күлән. Күлән менімен  бірге оқиды, менімен бір партада отырады. Мен оны басқа біреудің қасында отыруға қимаймын. Күрең шашын дәл желкесінен желбіретіп қиып қойған, сұңғақ бойлы, ақ құба, әдемі қыз.

«Жүз қызға ғашық болдым мен» деп, Расул Ғамзатов айтқандай мен дағы өмірімде жүз қызға  ғашық болдым. Соның әр қайсысы дүниедегі ең сұлу қыздыр еді. Күлән соның бірі.

Күлән екеуіміз сабаққа бірге келеміз. Сабақтан бірге қайтамыз. Мен жүретін Мырзатай үйімен күлән үйі көрші. Күләннің әкесімен Мырзатай ағайындас адамдар. Жай уақытта да Күлән бұл үйге келіп кетіп жүреді. Күләнді жарты сағат көрмесем елегізіп тұратын едім. Соны сезгендей Күлән, кенет, жарқ ете қалады. Әйтеуір бір сылтаумен Мырзатай үйіне жетіп келеді. Күләнді көргенде кішкентай жүрегім күмбірлеген қуанышқа толып кетеді.

Сабақта отырмыз. Мұғалім Қатаубаев өңі суық қара сұр адам. Күләнмен менің сөзім таусылған ба! Оған бірденені сыбырлап отырмын. Жарты назарым сабақ түсіндіріп тұрған мұғалімде болса, жарты назарым Күләнда.

Күләнда көбірек.

Мұғалім сөйлеспей, тыныш отырындар деп, бір ескертті. Екі ескертті. Өліп өшкен «ғашықтарға» бұл ескертулер әсер ете қоймайды. Бастарымыз одан бетер түйісіп, сыбырымыз жалғаса береді.

Қатаубаев енді одан бетер қатуланады:

Сен екеуің шығыңдар класстан! Далаға барып сөйлесіндер!

Бізді бүкіл класс болып көздерімен ұзатып алды.

Бұндағы мектеп үйі екі ғана класстық ,яғни, екі бөлме. Ортада дәліз. Біз дәлізде бүрісіп біраз тұрдық.

Дала қар, күн суық. Қарсыдағы классқа құлақ түріп байқасақ, тым тырыс. Ешбір дыбыс естілмейді. Есікті ақырындатып ашып көрсек, бос. Мұндағы оқушылар тарап кеткен. Күлән екеуіміз қуанып жылы классқа кіріп алдық.

Екеуден екеу онаша, әңгімелесіп отырмыз. Құдай тілекті берді, енді не айтсақ та еркіміз. Жай уақытта менің Күләнға айтсам ау дейтін сөздерім көп болатын.

Күлән екеуімізді осылай мәңгібақи оңаша қамап қойса, мен өкінбес едім. Құдай әркімнің бір тілегін берем десе мен тек осыны тілер едім.

Әлгі арадан бір жыртым ақ қағаз тауып алдым. Қалтамда бір тұтам қарындашым бар.

Күлән  мен саған бірдеңе жазайынба? деп қулана қарадым.

— Не жазасың?

— Бірдеңе…

— Жаз.

Мен жазбақ болдым. Жүрегім лүпілдеп, қолым дір-дір етеді.

Сен қарама, дедім.

Қарамаймын, деп Күлән ары бұрылды.

Мен қағазға «м.с.с.» деген үш әріпті асығыс жаздым да, Күләнға ұсындым.

—  Бұл не?

— Тап өзің.

Күлән қайдаң білейін дегендей иығын қоңпаң еткізді. Мен енді өзім талдап айта бастадым.

— Мынау «м» мен деген сөз.

— «с» ше?

— «Сені» деген сөз.

— Ал мына «с»?

Менің тілім байланып қалды. Мандайымнан бұрқ етіп тер де шығып кетсе керек. Өйткені пәленің бәрі осы соңғы «с» да жатыр еді.

— Ал айт! Бұл не деген сөз.

— Тап өзің.

Дәл осы кезде қонырау сыңғыр ете қалды. Сабақ бітті.

Жамыраған қозыдай боп, қазір оқушылар жүгіріп шығады. Күлән екеуміздің оңашалық өміріміз бітеді. Жұмбақтасып отыруға енді уақыт жоқ. Айтсам ақырына дейін айтып қалып керек.

Бұл ма…бұл «сүйемін» деген сөз…

Дүниеде теңдесі жоқ ерлік істедім. Күләнға айтарымды айтып салдым. Күлән өз құлағына өзі сенбегендей маған тесірейіп қарапты да қалды.

Кенет ол менің қолымдағы қағазды жұлып алды.

Мұғалімге беремін, деді де жүгіріп шығып кетті. Төбемнен тас құлағандай мелшиіп отырдым да қалдым.

Күләннің ауызынан мұндай сөз естігенше, жеті қат жердің астына түсіп жоғалғаным мың есе артық еді.

Пәленше қызға хат жазыпты…

Сүйемін депті…

Оқушылардың арысында мұндай сөз естілуі мектепте өрт шыққан мен бірдей. Кім жазыпты, кімге жазыпты? Жұрт лезде тауып алады да, екеуін де ағаш аттың үстіне мінгізіп қояды. Бұдаң соң өмір сүргеннен де сүрмеген артық.

Әлгі минуттан Күлән менің қолымнан әлгі қағазды жұлып алып, жүгіре жөнелген минуттан бастап, менде зәре қалмады. Ажал сағатын күткен тұтқын тәрізді іші бауырым қалтырап күтудемін. Менің ендігі өмірім санаулы.

Бір күн өтті, тыныш.

Екі күн өтті, тыныш.

Бұның бәрі мен үшін азапты күндер еді. Сабақта бұрынғыша Күләннің қасында отырамын. Бірақ тілдеспеймін. Сабақтан тыс уақытта оған жоламаймын. Мұғалімді немесе вожатыйды көрген жерде жүрегім зу ете қалады. Міне осы тап қазір.

Өй ұятсыз сен не істеп жүрсің? деп жерлей бастайтын тәрізді. Сабақта отырғанда да мұғалім бетіме қараса жаным тырнағымнын ұшына келеді. Қара қарындашпен асығыстау болып «м.с.с.» дейтін үш қара әріп жазылған, умаждалған  бір жыртым жаман қағаз менің күндіз түні ойланатыным осы. Күлән мұғалімге беремін деді, яғни берді. Мұғалім оны қалтасына салып алып енді әдейі үндемей жүр. Менің жанымды қинай түскісі келеді. Қайда кетер дейсің? Ерте ме, кеш пе, жазасын тартады дейтін шығар.

Бұл күндері менің ішкенім ірің, жегенім желім. Күтудемін! Күте-күте тіпті жалықтым. Енді не болса да, болса екен! Құртатын болса құртса екен. Бірдеңені қалтырап күтіп отырудан жаман іс жоқ. Мұғалім менің атымды атаса, дір ете қалам.

Тақтаға шық, дейді. Өлім сағаты жетті, құрыдым деп ойлаймын. Балалардың алдына шығарып жер етпек қой.

Жоқ тыныш.Әңгіме «м.с.с.»жайында емес сабақ жайында.

Вожатый шақырып жатыр десе де зәрем қалмайды. Е, сол үшін шақырып жатыр ғой деймін. Қашан жетіп, естігенше ішіме қан құйылғандай болам.

Сөйтсем тыныш.

Бүйткен тыныштығы бар болсын. Бір өлем ау деп, мың өліп, әбден қор болдым.

Және бірнеше күн өтті. Көңілім аздап орнығайын деді. Үйде жалғыз отыр едім Күлән кіріп келді. Келі сұрай келген екен, артынан есік алдын ере шықтым. Маңайда ешкім жоқ екенін көріп:

 — Күлән дедім.

 — Не?

 — Сен әнеу күнгі қағазды бермеші мұғалімге…

 — Қай қағазды… А! Оны мен баяғда-ақ жыртып тастағам.

Ух! Жүрегім орнына жаңа түсті.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *