ҚР БҒМ мектеп бітіру кешінің форматы қандай болуы керектігін айтты

ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова ата-аналар мен мектеп бітірушілерге көп шығындалмауды ұсынды, деп хабарлайды Studentmedia.kz. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарламасында айтылған. 

Оқу жылының аяқталуына орай, оқушылар мен ата-аналарды мектеп бітіру кешін өткізудің форматы алаңдатады. Министрлік оларға ата-аналар комитетінің ақша жинайтындығы туралы хабарлама жиі түсетіндігін айтады. Ол көптеген ата-ана үшін отбасылық бюджетке салмақ салатыны анық. Мектеп қабырғасында ақша жиналмауы керек жыл сайын айтылғанымен, ата-аналар балаларының мектеп бітіру кешін сән-салтанатпен өткізуді доғарар емес. Әрине, олар кешті есте қаларлықтай, балаларға қызықты етіп ұйымдастырғылары келеді. Әйтсе де, ол шығынды екінің бірінің қалтасы көтере алмайды. Бұл жағдай жыл сайын көтерілетін мәселеге айналды.

 Мұндай хабарламаларға жауап ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі өз тарапынан мектеп бітіру кешін ақшаны үнемдеу үшін кафе, ресторандарда емес, мектеп қабырғасында өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, министрлік мектеп бітіру кешінің мақсатын сәнді киімдер мен мол дастарханды көрсету емес, шын жүректен, жақсы ұйымдастырылған шара ретінде балалардың, мұғалімдер мен  ата-аналардың есінде қаларлық мектепішілік жиын деп есептейді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі аталған жайтқа ресми түрде жауап берді: «Мектеп бітіру кешінің форматы қымбат әрі сән-салтанатқа толы кеш болмауы керек. Жылдар бойы тұлғаны қалыптастыруда талмай еңбек еткен педагогтар мен  ата-аналар және бүгін мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басып жатқан кештің басты кейіпкерлері — түлектер арасындағы жылы диалог түрінде өткені абзал»

Сондай-ақ, хабарламада: «Аталған кеште оқуда озат, жетістікке жеткен, мектеп, аудан, қала, облыс, республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық, интеллектуалдық жарыстарда жеңімпаз болған, мектептің қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан балаларды құрметпен атап өту – орынды», — деп мектеп қабырғасында белсенділік танытқан оқушыларды марапаттаудың маңызын атап өткен. 

Министрлік баспасөз қызметінің айтуы бойынша, түлектер мектеп бітіру кешін педагогтардың көмегімен креативті бағдарлама дайындап, ата-аналарына, сүйікті ұстаздарына және жанына жақын сыныптастарына алғыстарын білдіретін мағыналы әрі қызықты форматта ұйымдастыруына болады.

 Сурет: 24.kz сайтынан

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *