Мен елімнің патриотымын

  • Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде желтоқсан айының 7 жұлдызыкүні жоғарғы оқу орындарының барлық мамандықтарында оқитын, сонымен қоса өзге ұлт студенттерінің арасында «Мен елімнің патриотымын» атты көркемсөз оқу шеберлерінің сайысы өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында жастардың туған елі мен жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, шеберліктерін шыңдау мақсатында ҚарМУ қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасы мен Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығымен ұйымдастырылып отырған шараларының бірі. Сайысымызда «Қарағанды медициналық университеті» және «Болашақ»академиясы мен ҚарМУ студенттері қатысты. 

​Талаптың тұлпарына мініп, бағы мен бабын сынай келген қатысушыларымыз екі кезең бойынша сынға түсіп, шеберліктерін көрсете білді. Бірінші кезеңнің шарты «Отан, туған ел, туған жер» тақырыбындағы кез келген қазақ ақындарының бір өлеңін мәнерлеп жатқа оқуы керек болса, екінші кезеңінде дәл осындай тақырыптағы қазақ жазушыларының шығармаларынан үзінді оқу.

​Додамыздың әділ шешімін шығарып, қазылар алқасының құрамында Ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты –Қайрат Асқаровағамыз төрелік етті. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ресурстық тіл орталығы» комуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры –Мұсағұлова Гүлназ Серікқызы мен Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының меңгерушісі, доцент, ф.ғ.к. –Айтбаева Бақыт Манатқызы әділ қазылар алқасына мүшелік етті.. Елім деп, жерім деп жырлаған жігерлі жастардың жырын тыңдаған қазылар алқасына да жеңімпазды анықтау оңайға соқпағаны айдан анық. ​​

​Жарыс болған соң жеңу бар, жеңілу бар. Әділ қазылардың шешімі бойынша Индия мемлекетінен келген, Қарағанды медициналық университетінің І курсс студенті Гоял Абхишек ІІІ орынға лайық деп табылды. Гоял бірінші кезеңде М.Мақатаевтың «Отан туралы» өлеңін жатқа оқып берсе, екінші айналымда Б.Бұлқышевтың «Шығыс ұлына хат»шығармасынан тамаша сахналандырылған қойылым көрсетіп, төрешілерді тәнті етті. Сонымен қоса ҚарМУ-дың филология факультеті, журналистика бөлімінің 3 курсс студенті Калмыкова Ольга да қанжығасына ІІІ орынды байлап қайтты. М.Әуезовтың «Абай жолы» романынан үзіндіні жатқа айтып, әділ қазылар алқасының сүйіспеншілігіне ие болды. Жеңіс тұғырына бір елі жетпей қалып,  ІІ орынды иеленген ҚарМУ студенті – Темірлан Жартыбаев.Филология факультеті «Қоғам мен байланыс» мамандығында оқитын серіміз  екінші кезеңде жаралы солдаттың рөлін сомдап, Б.Бұлқышевтың «Шығыс ұлына хат» еңбегінен үзіндіні көрермендерге әсерлі жеткізе білді. Көптің ішінен суырылып алға шыққан кешіміздің І орын иегері –Ақниет Пазылова. Аруымыз ҚарМУ-дың филология факультеті, журналистика бөлімінің ІІІ курсс студенті қылығымен де шеберлігімен де көпшілікті тәнті етіп, әділ қазы алқаларының бір ауыздан шығарған шешімімен жеңімпаз атанды.Қалған қатысушыларымызды да құр қол жібермей, алғыс хаттар табыс етілді.

​«Теңіз – тамшыдан құралады» -демекші, бәрі осындай қадамдардан басталатыны бесенеден белгілі. Жастарымыздың ертеңі үшін іске асырылып жатқан осындай шаралар алдағы уақытта жалғасын табады дегенге нық сенімдімін!

Ербол ЕРБОЛАТ

Қарағанды облысы бойынша Республикалық

«Білім айнасы» газеті мен «bilimainasy.kz» сайтының тілшісі

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *