Меніңше, әйел деген

Авторы: Қайнар Алагөзов

Меніңше, әйел деген бала сынды, 
Сүйеді жан-жағымен санасуды.
Битке өкпелеп шубасын отқа жағып, 
Бұртиып отырғаны жарасымды.

Баладай еркелейді, назданады, 
Жайнайды жаным десең жаз жанары.
Айды алып бермей-ақ қой аспандағы, 
Аялап, айым десең мәз болады.

Алдасаң бала құсап алданады, 
Ойнасаң бала құсап шамданады.
Таң қалатын нәрсеге таң қалмайды, 
Таң қалмайтын нәрсеге таң қалады.

Ақша беріп отырсаң ала ғой деп, 
Кимекші күніне бір жаңа көйлек.
Күйеуін біреу алып кететіндей, 
Қызғанғанда, ойлайсың бала ғой деп.

Ажары да, базары үйдің өзі.
Сыйлық сұрай салатын сыйлы кезі,
Жүрегіңді баурайды кей қылығы,
Жүйкеңді жұқартады кей мінезі.

Ер жігіт — сері болар, серке болар,
Бұл өмір — асықпасақ, келте болар.
Негізі, әйел деген — бала сынды,
Ал, бала, жалғыз болса ерке болар!

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *