«Миғраж» қандай түн?

Бүгін 13 сәуір — Миғраж түні!

Миғраж түні қандай түн екенін көпшілік біле бермейді. Миғраж түні деп Мұxаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көкке көтерілген түнді айтады. Миғраж — Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бірі.
Алла Тағала жеті Пайғамбарды миғражбен сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса және Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарлар. Әрқайсысының миғражы әртүрлі болған. Соның ішінде біздің Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражы ерекше өткен. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді.
Шын мәнінде, исра оқиғасы түс те, рухани серуен де емес. Ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өңінде денесімен, әрі рухымен жасалған сапары.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исра және Миғраж оқиғасын миләди 621 жылы Режеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні, дүйсенбіде басынан өткерді. Бұл Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрынғы оқиға еді.
Миғраж түнінде Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады (түнгі сапар арабтарда «исра” деп аталады). Одан миғражға – жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық Пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі – аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді.
Исра және миғраж оқиғасы Пайғамбарлықтың оныншы жылы, яғни ислам тарихында «қайғыға толы жыл” деп аталған кезде жүзеге асты. Сол жылы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үлкен ұлы Қасым шетінеді. Соңынан ұлы Абдулла да қайтыс болды. Бауыр еті балаларынан айырылу Алла елшісіне (с.ғ.с.) әрине, оңайға соқпады.
Қорғаушысы әрі аяулы ағасы Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз да дүние салды. Мұсылмандар кәпірлердің зорлық-зобалаңы мен ауыр азабынан қиналды. Мұндай оқыс оқиғалар мен қайғылы қазалардан Расулулланың қабырғасы қатты қайысты.
Дегенмен, миғраж хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз үшін Алла Тағала тарапынан үлкен жұбаныш әкелді. Үміт шамын қайта жақты.
Осы түнде періште Жәбірейіл (ғ.с.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Ей, Мұхаммед, Алла Тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырып жатыр”, – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл (ғ.с.) Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Алла – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін (Алла Тағала) бір түні Өз пендесін (Мұхаммедті) «әл-Харам» мешітінен төңірегі тұнған береке – байлық – «әл-Ақса» мешітіне алып келді. Шынында, Ол (Алла Тағала) естуші әрі көруші”, – деді («Исра” сүресі, 1-аят).

Миғраж оқиғасы туралы мағлұматтарды көптеген діни кітаптардан табуға болады. Олар: «Қысасул-әнбийа”, «Тәжул-қысас”, «Нәдирул-миғраж”, «Мәғәрижун-нубууәт”, «Усулул-миғраж” және т.б. Айтылған кітаптарға сүйене отырып, оқиғаның қандай болғандығын хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз былай деген:
«Жәбірейіл (ғ.с.) маған бурақ (пырақ) деген жануарды жәннаттан алып келді. Пырақ есектен биік, қашырдан аласа, қадамын көз ұшы жететін жерге тастайтын жүйрік жануар екен. Оған мініп, Жәбірейіл (ғ.с.) екеуміз Бәйтул-Мақдиске келдік. Мұнда бізді дүниеден өткен 124 мың Пайғамбар күтіп алды. Барлығымен көрісіп, мешітке кіріп, бірге намаз оқыдық. Намаз оқып болған соң баршасы мені миғражға шығарып салды…».

Пайғамбарымыз осылайша 7 аспанның әр қабатын, тозақ пен жұмақты да көреді. Аллаһ Тағаламер тікелей кездескен жалғыз пайғамбар — ол Мұxаммед Мұстафа (с.ғ.с.).

Не істеу керек?

Ендеше пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрметіне көптеген салауаттар жолдайық. Әрбір айтылған салауат пайғамбарымызға жетіп тұратыны жөнунде бізге xадистер жеткен. Осы түнді Аллаға құлшылықпен өткізу үлкен суапқа бөлейді. Барша мұсылманды бүгінгі қасиетті түнде игі амалдар жасауға — Құран оқу, нәпіл намаз оқу, ғибратты әңгімелерді оқу, тыңдау және т.б. үгіттейміз.

Алла мол сауаптан жазғай!

Дариев Берік Әлсейітұлы

ОҚО «Имам Ағзам» мешітінің бас имамы

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *