Министр қазақстандықтарды қайырымдылық акциясына қатыстуға шақырды

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік қызметкерлерді, кәсіпкерлер мен меценаттарды, ректорларды және барша қазақстандықтарды «Мектепке жол» акциясына белсенді түрде қатысуға шақырды,- деп хабарлайды Studentmedia.kz. Бұл туралы министр өзінің Facebook-тегі парақшасында хабарлады. 

Акцияның басты мақсаты — көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында байланыс орнату және балалардың әлеуметтік қажеттіліктерін ескеру. 
«Алдымызда жаңа оқу жылы келе жатыр. Сәйкесінше, оқушыларымызға оқу құралдары мен мектеп формасы қажет екенін білесіздер. Осы мәселені шешу үшін жыл сайын еліміздің барлық өңірінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтеді.
Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан акция аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған«,- дейді министр.

Министрдің айтуынша, биылдан бастап балаларға материалдық көмек көрсету үрдісі «Мектепке жол» акциясы тек, екі ай емес, жыл бойы жалғасатын болады:

«Бұл тек жылына бір рет ұйымдастырылатын акция болғандықтан, Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасына сәйкес, осы акцияға жаңашылдық енгізілді.
Бұдан былай, «Мектепке жол» акциясы 2 ай ғана емес, жыл бойы іске асатын болады».

Сондай-ақ, Асхат Қанатұлы жазбасында өткен жылдың қорытындысы бойынша, мектепке дайындау мақсатында әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған акцияның арқасында 2018 жылдың қорытындысы бойынша 328 766 оқушыға 2 млрд. 822 млн. 846 мың теңгеге материалдық және қаржылық көмек көрсетілгендігін атап өткен. 

Биылдан бастап демеушілер мен меценаттар арнайы порталында орналасқан өтінім және тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек көрсете алады:

«Нақтылап айтсам, біздің министрлік «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесіп, дәстүрлі көмек көрсету механизмге қосымша ретінде портал арқылы онлайн түрде көмек көрсету туралы келісімге келдік.  Ендігі кезекте демеушілер мен меценаттар atamekenim.kz порталында орналасқан өтінім және тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек көрсете алады. Сонымен, бүгіннен бастап «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің порталында «Мектепке жол» акциясының жұмысын ресми түрде іске қосамыз«.

Министр көмекке мұқтаж балаларға арнайы ұйымдастырылған қайырымдылық акциясының көмегімен қандай мәселелердің шешілетіндігін де рет-ретімен тізіп шығып, мемлекеттік қызметкерлерден бастап барша қазақстандықтарды акцияға белсенді түрде қатысуға шақырды:

«Нәтижесінде бірнеше мәселелерді шешеміз:
біріншіден, біз балаға бір рет қана емес, жылдың әр мезгілінде қажетті құрал-жабдықтар алуға көмектесеюуге мүмкіндік болады;
екіншіден, көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында тікелей байланыс орнатылады;
үшіншіден, көмекке зәру адамдардың шынайылығын растап, олардың әлеуметтік қажеттіліктерінің жауапсыз қалмауына әсер етеміз;
төртіншіден, қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн түрде бақылау мүмкін болады.
Құрметті достар, «Мектепке жол» акциясы жыл бойы жалғасады. Мемлекеттік қызметкерлерді, бизнесмендер мен меценаттарды, ректорларды және баршаңызды осы акцияға белсенді түрде қатысуға шақырамын.
Кез келген істі басқаға айтпас бұрын, алдымен, өзім үлгі болуым керек деген оймен акцияны өзімнен бастайын деп отырмын. Жақсылық жасайық, достар!», — деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *