Өмірін — «Мега өмірге» айналдырған Динара Болат

Біз мыңдаған, тіпті миллиондаған  мүмкіндіктің заманында өмір сүріп жатырмыз. Оңды-солды төрт құбыламыз тең! Қай бағыттың соңында кетеміз, қай жерлерді аралаймыз, қандай адам боламыз бәріне жол ашық. Мүмкін осы шексіздікті дұрыс пайдалана алмау — «заман дұрыс емес»-деген ойға әкелетін болар?! Таңдау еркі өзіміздің қолымызда болып тұрған кезде дұрыс таңдау жасай алмау — қоғамды азғындыққа әкелетін шығар?! 

    Бірақ, көзі ашық, көкірегі ояу, барар жолын білетін, өзгеге үлгі бола алатын қоғам белсенділері де жоқ емес. Солардың бірі Динара Болат! Иә, инстаграм желісіндегі танымал жиһанкез блогер, психолог консультант. 

  Ол бүгінгі таңда жастардың кумиріне айналды-деп, айтуға да болады. Оның өмір салтына қызығатын, жазбаларының біреуін қалдырмай оқитын, оған ұмтылатындар жетерлік себебі! Қазірге дейін 18 мемлекетке саяхаттаған блогер инстаграм парақшасында көрген-білгенімен бөлісіп, оқырманының ой өрісі кең болуына үлесін қосып жүр. Оған қоса, қоғамды алаңдататын кез келген мәселеге орай өз пікірін айтып, психологиялық кеңестерін де жариялап отырады. 

Технология заманында оны тиімді пайдаланып, бір ғана инстаграм арқылы қоғамға осынша пайдасын тигізіп жүрген Динара Болаттың айтарынан бір үзік сізге де ұсынғымыз келеді: 

«Жәннат дейсіз бе, бұған дейін өмір сүргем бұдан кейін де өмір бар, қайта туам дейсіз бе, өз қалауыңыз. Бір білерім біз үшін дәл осы өмір біреу ғана. Тек өз қалауыңыз бойынша өмір сүріңіз! Білемін, айтуға оңай. Үйде мынау, жұмыста анау болып жатқанда қайдан?! Дұрыс. 
Баптаңыз өзіңізді. Бар бұғаудан босап шығар жарқын күндерге санаңызды, ниетіңізді таза ұстап баптаңыз. Басыңыздан қазір қандай қиын күндер өтіп жатса да сабырлы болыңыз. Кіші болыңыз, құл болыңыз, күлкі болыңыз, мейлі. Алайда бүлінбей-ақ, үндемей төзімділік танытыңыз. Қандай сын сағаттан өтіп жатсаңыз да санаңызды лайламаңыз. Тек жақсы ойлармен өз уақытыңызды жақындатудың амалын жасаңыз. Мен де кіші болғам, күң болғам, күлкі болғам. Бірақ, әзірге уақытымның келмегенін түсініп төзіп бақтым. Бүгінгідей қызмет таңдап, еңбегіме сай жалақы сұрайтын күндерге дейін шаң-тозаңның арасында мұрағат қопарып жүріп, қызмет жолымды қолбала болудан бастағам. Үндемей, шыдадым. Себебі, мен ол кезде біреуге бірнәрсе дейтіндей деңгейге жетпеген едім. Бүгінгідей әлем кезіп, арманымды іске асырар уақытқа дейін саяxатты ойламақ тұрмақ, ешқандай титтей артық шығынға рұқсат бере алмағам. Шыдадым. Бұлқынбадым, ешкімге ренжімедім. Дәл қазір бас көтере алмайтынымды біліп, келер уақытыма өзімді баптаумен болдым. Әркімнің өз уақыты, сәті бар. Ал сол уақыт келген кезде ешнәрсеге бағынбаңыз. Ешкімнің дегеніне көнбеңіз. Өз шарттарыңызды қойып, қалағаныңызды талап етіп, дегеніңізбен жүріңіз. Лайықсыз! Себебі, сіз осы ұзақ жолды адамдықтан аттамай, ешкімге кесіріңізді тигізбей, өзіңізге адал болып жүріп өттіңіз. Бұл енді тек сіздің уақыт! Сізге ұнамаса ешнәрсеге келіспеңіз!»

«»Баяу мен уақыттан озам…»
Тура мына тау секілді. Бірде басыңнан бұлт көшіп, бірде күннің нұрына шомылып, жаныңнан қанша жел соғып сені мүжуге тырысса да өз қалпыңда қалу. Уақыттан озу мүмкін емес. Алайда, заманыңның қарқынына, қоғамның заңдылығына қарамай өз болмысыңды сақтап қалу арқылы уақытты жеңу, оның құлы болмау үлкен қайсарлықты қажет етеді. Сәйкесінше, жолыңыздың соңында сізге шаң-тозаңмен араласқан дауылмен бірге дөңгеленіп кетпей, қасқайып өз келбетіңізді сақтап қалғаныңыз үшін үлкен сый сыйлайды. Заманға сай болайық деп өзімізді аямай қамшылай бермей, ең алдымен өзімізге мейірімді болайықшы, достар! Бәрі уақытша. «

«Өмір әр секунд, әр минут сайын жаңарып отырады. Жаңарған өмірмен бірге сіз де жасай түсіңіз. Қайта бастаңыз. Өзгеріңіз. Өзгертіңіз. Рахатын сезініңіз. Бүгін. Дәл қазір.»

«Өкінішке орай, айналамызда ағасынан бастығы жақын, сіңлісінен құрбысы жақын мысалдар жетерлік. Бір анадан туса да, мерейтойларда бас қосып бір болып көрінгенгенмен, бір-біріне деген жанашырлықтарынан өзара бәсекелістігі, бақталастығы басым бауырлар қай ананың да көңіліне зілдей мұң. Неге олай? Қате қай жерден кетті? Өткендегі Норвегияға барған саяхатымда қатысушылар арасында екі үлкен баласымен бірге жүрген ана болды. Бірі 18 жаста, екіншісі 14 жаста. Екеуінің бауыр екендігін білмейтін жандар, оларға қарап қос ғашық деп ойлап қалуы мүмкін. Жол бойы бірге фильм көріп, бір-бірімен ақылдасып, шаштарын реттеп беріп, әйтеуір бір-бірін еркелетіп сүйіп өліп бара жатты. Әдетте, олардың жасындағы жасөспірімдер қырсыққаннан қырсығып қалатындардан еді. Бауырлар арасындағы мұндай татулықтың сырын білсем де, көзімді жеткізейін деп анасына балалары керемет тату екендігін айтып, мұндай жетістікке қалай жеткендігін сұрадым. Ол еш ойланбастан: «Үлкеніне үлкен деп қарамау керек. Балалар арасындағы міндетті де, мақтауды да, жазаны да тең бөлу керек»,- деді. Бәрекелді! Естігім келгені де осы еді. Барлық қате ата-анадан. Бірін ылғи мектептегі жетістіктері үшін мақтап, бірін ылғи бауырларының алдында төмен түсіріп, сынап, үлкендерін ғана жұмсап, кішісін еркелетіп, олар есейгенде де бізге дұрыс қарайтындарын ғана адал сүт емген «ең сүйікті перзент»етіп, ал кейбіреуіне әуелден тоқалдан туылғандай қарап барлығын бүлдіретін мына өзіміз, ата-аналар! Әу бастан балаларды алалап жіберген қателігіміздің зардабын қартайғанда өзіміз көреміз. Кейбір ата-ана бауырлар арасындағы сыйластықтың жоқтығын, салқындық пен алауыздықты көріп, көрінде де тыныш жата алмай жүр-ау. Ата-ана үшін балаларымыз бақытты болып, өзара тату болғандығына не жетсін! Кеш болмай тұрғанда осы мәселені қолға алайық, қымбаттыларым!»

Суреттер мен жазбалар Динара Болаттың инстаргам парақшасынан алынды. 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *