Ауылдық жерлердегі орта білім жүйесі модернизацияланбақ

Елімізде ауылдық жерде орта білім беретін мектептердегі оқушылардың үлгерімдерін,  мұғалімдерінің әлеуетін арттыру және білім ордаларын мультимедиалық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету арқылы жақсартуға бағытталған жаңа жоба жұмысын бастайды. 

Ауылдық мектептерге оқу материалдары мен мультимедиалық құрал-жабдықтар сатып алынып, білім беру бағдарламалары жақсартылатын болады. Сондай-ақ, мұғалімдерінің әлеуетін арттыру бойынша шаралар қолданылып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіледі. Аталған жұмыстардың барлығы «Орта білім жүйесін модернизациялау» жобасының негізінде іске асырылмақ. Бұл жайлы ҚР БҒМ баспасөз хабарламасында айтылған.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік Банкімен бірлесе «Орта білім жүйесін модернизациялау» жобасын қолға алды. Ертең Астанада жобаның ресми іске қосылу шарасы өтеді. Оның негізгі бағыттарының бірі – ауылдық жерде орта білім беретін мектептердегі оқушылардың үлгерімдерін,  мұғалімдерінің әлеуетін арттыру және білім ордаларын мультимедиалық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету арқылы жақсарту. 

Жалпы құны 75 млн. АҚШ долларын құрайтын жоба шеңберінде білім берудің жаңартылған мазмұнын қолдауға бағытталған бастамалар кешені жүзеге асырылады деп күтілуде.

«Оқушылардың оқудағы жетістіктері оқу және материалдық-техникалық ресурстардың үлестірілуіне тікелей байланысты болғандықтан, жоба шеңберінде жоспарланған іс-шаралар еліміздегі әрбір мектептің жағдайының жақсаруына, сондай-ақ, оқушылардың үлгерімдері арасындағы айырмашылықты жойып, ауыл және қала мектептеріндегі білім сапасын теңестіруге септігін тигізетін болады» — деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі. 

Ұлттық деңгейде аталмыш жоба еліміздің тұрақты дамуы үшін адами капиталдың нығаюына әсер етпек. Жоба нәтижелері барша қоғамға әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жақсы әсер етіп, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі деп жоспарланып отыр. «Орта білім жүйесін модернизациялау» жобасын ресми іске қосу аясында өтетін сессияға білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, Дүниежүзілік банкінің білім беру тәжірибесі жөніндегі басқарушысы Гарри Антони Патринос, Дүниежүзілік Банкінің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Брауна, Дүниежүзілік Банкінің Орталық Азиядағы маманы Сюзанна Айрепетян, BI-Group бас директоры және IQanat жобасының негізін қалаған Айдын Рахимбаев қатысады.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *