Періште қыз…

Авторы: Жасқанат ЖҰМАН

Тағы да түн…
Тәтті елеске сай уақыт бағынатын.
Сенің мына тым нәзік жүрегіңе
Жалғыз менен басқаның бəрі жақын.

Ай да жарық…
Санамда өзің жайлы ойлар анық.
Сапар шегем түнекке, көздерімді
Сен сыйлаған мұңдармен байлап алып.

Қала шулы…
Үнсіздікпен білмейді жарасуды.
Сабылысып көліктер заулайды кеп
Қара жолдан алғандай бар ашуды.
—-
Мен де солай…
Сезімім бар кеудемде сөнбес оңай.
Ішкі назды айтар ем, əттең бірақ,
Жүрегіммен жүрмін ғой сөйлесе алмай.
—-
Уақыт — көлік…
Бота көзің тұңғиық жақұт көрік.
Шын бақытты ұшырдым қолымдағы,
Жанарлардың айқасын бақыт көріп.

Періште қыз…
Екеуміз де бұрғанбыз теріске жүз.
Жер бетінде алшақтап кетсек-дағы,
Жолығармыз əлі де пейіште біз,
Періште қыз…

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *