Періштем

Шуақ шашып әлемге нұр құйылған,
Көтеріліп шыққан соң күн қиырдан.
«Соқыр» жаққа шыққанбыз сейіл құрып,
Қайреке, ақын ұлдар, қыз жиылған.

Жігіт ек бойымыз да желігі бар,
Қыздардың құралайы, елігі бар.
Жыры бөлек және де мұңы бөлек,
Ортамызда Нарынның Ерігі бар.

Өткен күндер ендігі келмесі анық,
Оянған сезім сол күн сөнбесі анық.
Жаңа оянған сезімнің шоғын жүріп,
Қуанышым отырды әнге салып.

Әйтеуір ақынбыз мұңымыз көп,
Жетістіріп бір жазған жырымыз жоқ.
От түбінде оранып отыр еді,
Періште қыз алаудан жылу іздеп.

Ешкім бір тал шашына тиіспеген,
Рұқсат берсе сол шаштан иіскер ем.
Оттан жылу іздемей қайтеді енді,
Болмаған соң бұл жалған пейішке тең.

Жүрек қалып жаулады сананы да,
Теңей алмайд екенмін сан аруға.
Әлі күн тұтанбаған сезім бардай,
Жәудіреген қарасам жанарына.

Сезімді сергелдеңшіл еттім бекем,
Қыр гүлін шың, құздар да тек гүлдетем.
Періштем, сол күннен соң жолықпадық,
Пейішке қайта кіріп кеттің бе екен?!

Бек Ноғайбайұлы

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *