Рибериге өшпейтін із қалдырған кім?

Футболдан 2006 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері,  2013 жылғы Еуропа Чемпиондар лигасының жеңімпазы, Франция құрамасының бұрынғы ойыншысы Франк Рибериді футбол жанкүйерлері жақсы таниды. Алайда Франктың көпшілік қауым біле бермейтін тұстары да жоқ емес.  Жалпы Рибери дегенде көз алдымызға бірден сол жақ бетіндегі тыртығы(шрам) елестейді. Ал сол тыртықтың қалай пайда болғанын білгілеріңіз келсе мақаланы соңына дейін оқыңыз.
Барлығы сол жол апатынан басталды…
Ол кезде Франк екі жаста еді. Әкесімен жол апатына ұшырап,  бетін көліктің сынықтары кесіп кеткен. Жол апаты кезінде болашақ футболшы артқы орындықта болған деседі.  Екі темір тұлпар соқтығысқанда екі жасар бала көзді ашып жұмғанша көліктің терезесі арқылы бетін жарақаттап алған көрінеді.
Жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, ауыр операция жасаған. Операциядан кейін барлығы Рибериден қорқа бастап, көшеде көрген кезде оны айналып өтеді екен. Ол өзінің сұхбаттарының бірінде «Құдай мені басқалардан ерекше етіп жаратты, бұл тыртықтар менің бір бөлшегім іспеттес,  сондықтан адамдар мен дәл осы қалпымда қабылдауы керек»  деп айтқан.
Рибери жастайынан тағдыр тауқыметін көрген. Өзінің үш ағасы және үш әпкесімен бірге үлкен өмірге ерте араласқан.  Қылмысымен бірге жұмыссыздық көп Бульон Сер Мюре кешенінде балалық шағы өткен.
Алты жасында Лилль футбол академиясына қабылданып, төрт жылдан соң ол жерден шығып қалған. Басты себеп оқуында болған келеңсіз жағдайлар. Франк оған мойымай,  футболды ары қарай алып жүреді. Францияның әуесқой командаларында доп теуіп, құрылыста жұмыс істеп, өмірдің қиын соқпақтарымен жүрген. Мұның барлығы өзіндік мінез қалыптастырып, оны күшті ете түсті.
«Бұлар менің өмірімнің мәніне айналғандай, қазір өзімді тыртықсыз елестете алмаймын, менің ерік жігерімді және менің өмір жолымды білдіреді» деп есіне алады.
Осы тыртықтар оның өмірін түбегейлі өзгертіп, одан ерекше күш алып, француз футболының тарихындағы үздік футболшылардың біріне айналдырғанын бүгінде бірі білсе, бірі білмес.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *