Сағадиев университеттердің санын қысқарту жөнінде мәлімдеді

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың университеттер санын қысқарту керектігі жөніндегі тапсырмасының басты бағыттарын атады.

«Көптеген ЖОО бір салаға бағытталып, маманданатын болады. Бұл алғашқы қадам. Екінші қадам – олардың санын қысқарту. Қазір нақты айта алмаймын, бірақ олардың саны ешқашан қатты арта қоймас», — деді Ерлан Сағадиев.

Оның айтуынша, ЖОО-ның академиялық және басқару дербестігін кеңейту Елбасы атап өткен мәселені шешуге көмектеседі.

«Біздің міндет – әлсіз университеттерді әлдіге айналдыру. Егер бұл біздің қолымыздан келмесе басқа шараны қолға аламыз», — деді министр.

Еске сала кетейік, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың салтанатты тұсаукесер шарасында Елбасы сапасыз университеттердің санын қысқартуды ұсынған болатын.

«Қазір министрлікке күнде келіп, университет ашайық дейді. Қалтасына ақша түссе университет ашуға ұмтылады. Бізде 130 университет бар, оны қысқарту керек. Бізге оның саны емес, сапасы қажет. Қазір рейтинг жүргізіледі. Рейтинг жүргізілген кезде ІТ-технологиядан, жаңашылдықтан, техникадан, инженерліктен қалай деген кезде барлық үлкен университеттеріміз артта қалды. Жай жеке университеттер алдыға шықты. Осы жағдайдан кейін мына университеттер өзінен-өзі қалады. Себебі біз оларға грант бере алмаймыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы университеттер бүгінде сақталып қаламын десе заманға сай болуы тиістігін сөзге тиек етті.
«Біз жастарға құр әшейін диплом алу үшін оқымау керектігін айтуға тиіспіз. Кезінде ол заманнан да өткенбіз. Қалтасында бірнеше диплом болғанымен жай жүрген, жұмыс таба алмай жүрген қаншама азамат бар. Сондықтан мысалы университеттің 4- курсынан бастап студенттерді 80-85 пайызын бизнес адамдары жұмысқа тартып алатын болса, онда ол нағыз университет», — деп атап өтті ҚР президенті.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *